Қарағандыдағы 300-ге жуық саяжайдың иелері сусыз қалды. Бұған жергілікті биліктің маңайдағы Солонка өзенінің арнасын кеңейтіп, тасқынның алдын-алу жұмыстарын жүргізуі себеп болып отыр. Қазір сол өңірдегі тілшіміз Руслан Нұрланұлы бізбен байланысқа шығады. Руслан мән-жайды толығырақ айтып берсеңіз.
Қайырлы күн, Дархан! Саяжай тура қаланың іргесінде. Тұрғындар өзеннен келетін суды бау-бақшаны суғару үшін пайдаланып келді. Былтыр тасқынның алдын-алу үшін өзен арнасы кеңейтіліп тазаланды. Оған 138 миллион теңге жұмсалды. Санация кезінде арна 210 сантиметрге кеңейтілген. Сондай-ақ, саяжайларға су беретін сорғылар қойылған тұстағы бетон бөгеттер алынып тасталған. Салдарынан су деңгейі түсіп кетті,-дейді тұрғындар.
Айгүл Серікова, қала тұрғыны:
Бірдеңе істеді мынау өзенде, бәрін қопарып, қазып. Енді биыл су жоқ. Бәріміз зейнеткерміз, зейнетақымыз кішкентай, балаларымызға көмектесеміз осы саяжаймен. Қазір білесіз ғой барлығы қымбат.
Ал жауапты мамандар болса биыл қар біртіндеп еріп, көбіне су жерге сіңіп, өзен арнасы толмай қалды деген Қазгидромед мәліметіне сүйеніп отыр. Ал санациялық жұмыстар талапқа сай істелген. Техникалық және авторлық бақылау мамандары тексеріп қабылдап алған. Дегенмен саяжай иелерінің сұрауы бойынша жақын арада бетон бөгеттер қайта орнына қойылып, су беріле бастайды,-дейді жергілікті билік өкілдері.
Руслан Нұрланұлы