Атырау қаласының іргесіндегі Алғабас ауылы шаңға көміліп қалды. Себебі мердігерлер осы маңайдағы карьерден қайтадан топырақ тасуды бастаған. Алғабас ауылының тұрғындары іргедегі мұнай өңдеу зауыты мен жылда өртенетін қамыс түтінінен әбден зәрезап болған. Енді осы маңайдағы карьердің шаңын жұтып отыр. 35 гектар аумақты алып жатқан топырақ кеніші тура жайылымда орналасқан. Айналасы қоршалмаған.
Айнагүл Беғалиева, ауыл тұрғыны:
Малы бар адамдар ана карьерден қорқып отыр. Малдары құлап. Ертең өледі ғой. Мал өлгеннен кейін болды ғой.
Абай Уәли, ауыл тұрғыны:
Бұл бір карьер болса екен. Мына жерде екінші карьер бар. Оны істеді де тастап кетті. Қазір мусорный свалка болып жатыр. Мына жерде тағы қазып-қазып тастап кетіп жатқан карьер бар, ол да свалка. Бүгінде ауылдың жайылымы қалған жоқ.
Бұл карьердің аумағы 4 жыл бұрын 100 гектар болған. Сол кезде де тұрғындар наразылыққа шығып, жұмысы екі жылға уақытша тоқтатылған. Сосын, териториясы 2-3 есе кішірейтілді. Кейін, ауылдағы мектеп құрылысына 80 мың текше метр топырақ керек болып, карьер жұмысы қайта жанданды. Мердігер заң аясында жұмыс істеп жатқанын алға тартады. Жергілікті билік өкілдері де, карьер жұмысы тоқтамайтынын жасырмайды. Өйткені, кәсіпкердің құқығын шектеу мүмкін емес дейді.
Нұргүл Қалиева, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
Тоқтату заң бойынша мүлдем мүмкін емес. Енді сол бойынша басқа да жолдары қарастылылуда.
Әкімдік өкілдері мәселені өзге де құзырлы органдармен бірігіп, оңтайлы шешуге уәде берді. Ал тұрғындарға, күрмеулі түйін тарқағанша, шаңға көміліп отыруға тура келеді.
Жандос Темірғали