Шымкент қаласындағы медициналық мекемелерге 100-ге тарта маман жетіспейді. Әсіресе, акушер гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, балалар дәрігері тапшы. Сондай-ақ, онкологиялық орталықтар цитолог, морфолог секілді аса сирек мамандарға зәру. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиевтің мегаполиске барған арнайы сапарында айтылды.
Министрлік маман тапшылығы мәселесін шешу үшін былтыр бюджет есебінен 4 700 білім грантын бөлуге ықпал еткен. Оның 74 гранты Шымкент қаласына беріліп отыр. Ал жергілікті қазына қаражаты есебінен биыл 2,5 мыңға жуық дәрігер мен 9 мыңнан астам медбикені оқытып, біліктілігін арттыру жоспарланған. Министрдің бірінші орынбасары сапар барысында медицина қызметекрлері және науқастармен кездесіп, бірнеше емдеу мекемелерінің жай-күйімен танысты.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:
Кадр мәселесі бойынша дәрігерлерді дайындаудың квотасы ұлғайтылды. Мәселен, Мемлекет басшысы 3 жылдың ішінде резидентураға қосымша 70 пайыз грант беріп отыр. Биыл резидентураға 500 грант беріледі.
Ғани Қалмаханов