Алматылық Ольга Сағындықова кішкентайларға домбыра үйретуді парыз деп санайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық Ольга Сағындықова кішкентайларға домбыра үйретуді парыз деп санайды

11.04.2023

Оның тағдыры қазақтың қара домбырасымен тығыз байланысты. Ес білгелі қос ішектен шыққан қоңыр үн құлағына жағып, аңсарын аударған. Содан бері Ольга Сағындықова 40 жылдан аса уақыт киелі аспапты қасынан бір елі тастамай келе жатыр. Домбыраны алғаш рет қолына алған сәті Ольганың жадында әлі күнге жақсы сақталған. Өзгеше аспапты көргенде-ақ, ерекше әсерге бөленіп, естігенін бірден тарта бастапты. Оның бұл қабілетін ұстазы байқап, бағыт-бағдар беруге тырысты. Содан бері қос ішекті аспапты өзіне серік еткен.

Ольга Сағындықова, домбырашы:

Консерваторияны аяқтап, Қорғаныс министрлігі орталық ән-би ансамблінде, одан кейін шығысқа қоныс аударып, Семей өңірлік қолбасшылығының оркестрінде қызмет еттім. Қазір зейнетке шығып кішкентай бүлдіршіндерді тәрбиелеп жатырмыз.

Ольга Сағындықова қазақтың күйлері мен дәстүрлі әндерінен бастап әлемдік классиктердің туындыларын домбырада шебер ойнай алады. Зейнетке шықса да, өсіп келе жатқан ұрпаққа домбыра үйретуді парызым деп санайды. Қазір оқушылар үйінде 70 балаға дәріс беріп жүр.

Еркежан Тынбаева, оқушы:

Үш халық күйін, сосын қазіргі заманауи күйлерді, бұрынғы күйшілердің күйін үйреніп жатырмыз. Біз Дәулеткерейдің, Құрманғазының шығармаларын, сосын күйлерін, сосын әндерді үйренеміз.

Ольга Сағындықованың жолдасы қазақ. Екеуі отбасында бес бала тәрбиелеп отыр. Қара домбыра тағдырымның қазақпен біте қайнасуына сеп болды дейді.

Ольга Сағындықова, домбырашы:

Домбыраның арқасында менің өмірімде әдемі, мәнді, сәнді болып тұр. Жалпы қазақ халқына, қара домбырасына алғыс айтамын.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу