Астанада өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арналған ескерткіш тақта қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арналған ескерткіш тақта қойылды

11.04.2023

Астанада үш адамды құтқарамын деп ажал құшқан өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арналған ескерткіш тақта қойылды. Құтқарушының есімі тасқа басылған мемориал «Құтқарушылар саябағы» саябағында орналасқан. Әріптестері Асқар Забикулинді бір минут үнсіздікпен еске алып, естелік тақтаға гүл шоғын қойып, құрмет көрсетті.

Назаралы Селимов, Астана қаласы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің басшысы:

Асқар Забикулин менің қарамағымда істеді. Сол күні таңертең қабылдауыма келіп, кабинеттен шыққаннан кейін екі сағаттан кейін болған оқиға. Ерлікпен қаза тапқан, қызметін адал атқарған әріптесіміз, бауырымыз.

Бұған дейін өрт сөндірушінің аты Үркер елді мекеніндегі көшеге берілген. Қаладағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі де енді Асқар Забикулиннің есімімен аталады. Естелік тақтаның ашылуына құтқарушының ағасы келді.

Елдар Забикулин, Асқар Забикулиннің ағасы:

Күнде еске аламыз. Анасы келемін деп еді. Ауырып қалып келе алмады. Ініміз енді қайтып оралмайды. Қатты сағынамыз.

Асқар Забикулин Астанада отқа оранған тұрғын үйден үш адамды құтқарып қалған. Ал өзі денесінің 80 пайызын күйік шалып ауруханаға түскен еді. Дәрігерлер қанша тырысқанымен ажалдан арашалап қалу мүмкін болмады. Офицердің артында әйелі мен екі баласы қалды.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу