Таразда блогерлердің атын жамылған қылмыстық топ құрықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда блогерлердің атын жамылған қылмыстық топ құрықталды

11.04.2023

Таразда қоғам белсенділері мен блогерлердің атын жамылған қылмыстық топ құрықталды. Ұйымдасқан топтың серкесі өзін белгілі блогермін деп кәсіпкерлерден ақша бопсалап келген. Сондай-ақ ол жамбылдық жастарды тәрбиелеймін деген желеумен қайырымдылық қорын құрады. Қоғамдық қорға қаржы тарту үшін кәсіпкерлерді жарна төлеуге міндеттеген. Көнбегендеріне күш көрсетіп қорқытқан. Қылмыс әлеміндегі топтардан қорғаймыз деп қосымша ақша алып отырған. Ал қылмысын бүркемелеу үшін әлеуметтік желіде әділеттілікті жақтаушы ретінде белсенді болып көрінген. Ұзақ уақыт Ұлттық қауіпсіздік комитетінің назарында болған топтың 9 мүшесі ұсталды. Үй-жайларын тінту барысында қаңтар оқиғасы кезінде қолды болған қарулар табылды. Калашников автоматынан бастап, қысқа ұңғылы мылтық пен бірнеше тапанша тәркіленген. 38 дана пышақ пен есірткі заттары да бар.

Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы:

Сонымен қатар қылмыстық топтан екі келіден астам есірткі тәркіленді. Қылмыстық топқа қатысушыларға қатысты бопсалау, қару мен есірткіні заңсыз сақтағаны үшін 12 қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу