Ақмола облысының Степногорск қаласында 9 қабатты тұрғын үйде жарық та, жылу да жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының Степногорск қаласында 9 қабатты тұрғын үйде жарық та, жылу да жоқ

10.04.2023

Ақмола облысының Степногорск қаласында 100-ге жуық отбасы бұрынғы пәтерлерін қалпына келтіре алмай жүр. Олар 9 қабатты тұрғын үйден 90-жылдардағы дағдарыс кезінде көшіп кеткен. Себебі сол кезде су, жылу және жарық болмай қалған. Енді сол баспанаға қайта оралайын десе, тағы сол тұрмысқа қажетті дүниелер жоқ болып тұр. Мәселенің мән-жайын әріптесім Ұмсындық Наурызбаева анықтады.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Қазір қаңырап бос қалған көпқабатты үйдің хәлі, міне, осындай. Пәтерлердің есік, терезесі қирап, қабырғалары құлауға шақ тұр. Десе де тұрғындар мұнда көшіп келуге дайын отыр. Тек жергілікті билік тым болмағанда жарық пен су тартып берсе дейді.

Бұл үйдің бұрынғы тұрғындары талайдан бері әкімдік табалдырығын тоздырып жүр. Көбі қазір пәтер жалдап тұрады. Сондықтан, кезінде тастап кеткен баспаналарын өз ақшасына жөндеп алуға да дайын.

Әлімхан Қатаев, қала тұрғыны:

Өз үйімізде тұрғымыз келеді. Мына жерде барлығы ыңғайлы. Қаланың қақ ортасында орналасқан. Мектеп, балабақша барлығы жақын. Көшіп келгіміз келеді. Бірақ, қайда барып, кімге шағымданарымызды да білмей қалды
қ.

Василий Либ, қала тұрғыны:

Он жылдан бері бұл мәселені шеше алмай жүрміз. Қалалық әкімдікке осыған дейін қанша рет жиналысқа да бардық. Осы бірер жылда үйді қалыпқа келтіреміз деген. Бірақ, ештеме өзгерген жоқ.

Жергілікті билік осыдан 3 жыл бұрын үйдің жобалық сметалық құжаттамасын дайындап, тиісті сараптамалар жасатыпты. Бірақ мемлекеттің жекешелендіру жоспарына сәйкес осы шаруаға жауапты мамандандырылған уәкілетті мекеме жұмысын тоқтатқан. Сондықтан, алдымен қаңырап бос қалған үйді қалпына келтіруге жауапты болатын мекемені немесе мердігерді анықтау керек.

Талғат Жексембин, қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

Егер ақша бөлінсе, бірыңғай оператор табылса, жобалық сметалық құжаттамамыз дайын. Бірақ, ол 2021 жылы істелінген. Оны түзетуге дайынбыз. 2023 жылдың бағасына сәйкес түзетуге дайынбыз. Енді содан кейін ақша бөлініп жатса, үйді қалпына келтіруге болады.

30 жылдан астам уақыт қаңырап бос тұрған үйге бірінше кезекте коммуналдық инфрақұрылым керек. Су, жылу және жарық тартуға қанша ақша кететіні белгісіз. Қаражаттан бұрын, 9 қабатты ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп беруге ниетті компания да табылмай жатыр. Сондықтан тұрғындардың бұрынғы пәтерлеріне қашан оралатынын дөп басып ешкім айта алмай отыр.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу