Жамбыл облысынның Қордай ауданындағы ауыл 30 жылдан бері суға зәру. Мұндағы тұрғындар ауыз суға да, ағын суға да жарымай отыр. Себебі ауылға келетін каналдың бір бөлігін жергілікті кәсіпкер бітеп тастаған.
«Қызыл партизан» ауылы тұрғындары аудан орталығы деген атымыз ғана дейді. 30 жыл бойы суды жер астынан тартып, не сатып ішеді. Мал суару да мұң. Құрғақтан қаңсыған алқаптарда қураған ағаш көп.
Ақылбай Мүңкібаев, Қордай ауылының тұрғыны:
Сол су келеді деп біз мәз болып отырсақ, осы жерге келгеннен кейін тоқтап қалдық. Мына кәсіпкер жауып тастаған. Сол жерден тұрып қалды.
Сусыз ел 8 шақырымды құрайтын арнаның ауылға баратын тұсын әкімдікке айтып, арши алмай жүр. Ол аздай жуырда кәсіпкер каналдың жарты шақырымға жуық бөлігін тегістеп тастады дейді.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Тұрғындар "Мына су арнасының кезінде суы сарылдап аққан деуге сену қиын" дейді. Өйткені осылай ор күйінде қазылған қалпы осы жерден бітіп қалады. «Жер иесі жасыл-желегін балталап, бұқарамен бірауыз келіспей бітеп тастады, ал әкімдік әй деуге жарамады» деп жыларман.
Майдан Әмірқұлов, Қордай ауылының тұрғыны:
Кәсіпкерге әкімнің сөзі жүрмей отырған боп тұр ғой. Мал суаратын орын жоқ, оны жердің астынан аламыз да, сол малға береміз. Сол техникалық су дейді ғой, соны өзіміз де ішеміз, мал да ішеді.
Ал әкімдік су өтетін алқап жеке кәсіпкердің жері деп отыр. Бірақ арнаны тегістеуге құқы жоқ, бітеген кезін білмей қалдық деп ақталды.
Әнуар Әпсейітов, Қордай ауылы әкімінің орынбасары:
Картада бар, бірақ мемлекеттік актіде жоқ. Біз соны анықтадық. Бітеген кезде хабарсыз болдық, иә. Арықты қайтадан қалпына келтіру үшін сөйлесіп жатырмыз.
Ал кәсіпкер құжаттан қателік жіберген әу баста әкімдіктің өзі дейді. 15 жыл бұрын жерді алғанда атқамінерлер тарапынан арық жайлы айтылмапты. Құжатта сызбасы да болмаған. Канал керек емес деген соң, үстінен құрылыс жұмыстарын жүргізбек.
Саят Жетібаев, кәсіпкер:
Халық енді айтып жатыр, бізге арық керек деп. Мен енді, міне әкімдік тұр, әкім орынбасары да тұр, мен оларға айтқанмын "енді былай істейік, егер халыққа арық керек болса онда қарсы емеспін. Жаңа арықтың ағысын өз ақшама істеймін" деп.
Кәсіпкер арна бағыты бұрынғыдай болмайды деп кесіп айтты. Орнына жаңасын жүргізбек. Ал ауыз судың жоқтығынан аудан әкімдігі хабардар. Олар көптен күткен су жүйесі келесі жылы кіреді деп сендірді.
Данияр Әлімқұл