Шымкентте жүргізушісі жоқ автобус қағып кеткен 5-ші адам алған жарақатының ауырлығына байланысты ауруханада көз жұмды. Оқыс оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары тарапынан тергеу жүргізіліп жатыр.
Қайғылы жағдай сенбі күні кешкісін орын алған еді. Автобус өздігінен жүріп кетіп, жол жиегінде тұрған бірнеше адамды қағып өткен. Cалдарынан 4 адам сол жерде тіл тартпай кетті. Жол апатынан қаза тапқан отбасылардың жақындарына автопарк басшылығы жаназа шығындарын өтеуге көмек берілетінін айтты. Ал тасымалдаушы компанияларда жұмыс істейтін жүргізушілер құрамы кезектен тыс аттестациялаудан өткізілмек. Қала ішілік бағыттардағы автобустарға желілік бақылау күшейтіледі.
Қазір Шымкентте 77 бағыт бойынша 900-ге жуық автобус тұрғындарға қызмет көрсетеді. Жекеменшік нысандағы 10 компания жолаушы тасымалдау қызметімен айналысады.
Азат Қайыпбеков, жолаушы тасымалдаушы компанияның директоры:
Біз автобустың ішіндегі бейнені көрдік. Автобус сол жерде 30-40 секунд тұрған. Қол тежегішіне қойылмаған. Одан кейін автобус адамдарды соғып болған соң тоқтаған жерінде 2 жігіт есігін ашып көрген. Бірақ тежегішке тиіспеген. Одан кейін жүргізуші жүгіріп келіп, қол тежегішін келіп тартқан.
Ғани Қалмаханов