Әлем бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ Қорғаныс министрлігінің Украинаға қатысты құпия құжаттарын әлеуметтік желілерде жария етуін қызу талқылап жатыр. Бұл құжаттардағы мәліметтер ақпан-наурыз аралығын қамтиды. Демек, ондағы деректердің кейбірі ескіріп кеткен. Алайда Нью-Йорк Таймс газеті мұны Ресей барлау қызметінің соғыс басталғаннан бергі ең ірі олжасы деп атады. Арай Төлегенқызы жалғастырады.
Әлем бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ Қорғаныс министрлігінің Украинаға қатысты құпия құжаттарының әлеуметтік желілерде жария етілуін қызу талқылап жатыр. Бұл құжаттардағы мәліметтер ақпан-наурыз аралығын қамтиды. Демек ондағы деректердің кейбірі ескіріп кеткен. Алайда Нью-Йорк Таймс газеті мұны Ресей барлау қызметінің соғыс басталғаннан бергі ең ірі олжасы деп атады. Бұл жағдай Украина мен АҚШ арасындағы әскери ақпарат алмасуға кедергі келтіруі мүмкін. Осы аптада тағы бір маңызды саяси оқиға болды. Франция президенті Эммануиль Макрон Бейжіңге сапар шекті. Қытай төрағасы Си Цзиньпинді Украинадағы соғысты тоқтатуға ықпал етуге шақырды. Алайда батыс басылымдарының хабарлауынша, Макрон Бейжіңді көндірге алған жоқ.
Осы аптада Твиттер және Телеграм желілерінде Пентагонның Украинаға қатысты «құпия» және «аса құпия» деп белгіленген құжаттары жарияланды. Бұған алғаш болып америкалық «Нью-Йорк Таймс» газеті мақала арнады. Онда АҚШ барлау қауымдастығы Ресей армиясы мен оның қолбасшылығына терең енгені сонша, ол Украинаны алдағы шабуылдар туралы ескерте алатыны айтылған. Бұған қоса Ресей күштерінің мықты және осал тұстары туралы да ақпарат беріп отырған. Бұл құжаттардағы ақпарат ақпан-наурыз айына қарасты. Ескірсе де, Ресей одан өзіне қажетті ақпарат ала алады дейді, Нью-Йорк Таймс.
«Құжаттардың кейбір бөліктері шындыққа жанасады және Ресейге Украина әскерінің саны, қару-жарақ пен сарбаздарды жеткізу кестесі тәрізді құнды ақпарат пен басқа да әскери мәліметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді»
АҚШ барлау қызметінің жасырын мәліметтерін кім жариялағаны белгісіз. Дегенмен Рейтер агенттігінің хабарлауынша, ол Мәскеудің немесе ресейшіл элементтердің ісі болуы мүмкін.
Құжатта АҚШ Украинаның әскери және саяси басшылығын да бақылайтыны меңзелген. Онсыз да Киев сақтық шарасы ретінде Вашингтонға әскери стратегиясына қатысты шектеулі ақпарат беріп жүр. Яғни АҚШ Украинаның әскери жоспарын анығырақ білуге құлшыныс білдірсе керек.
Осы Украина мәселесін талқылау үшін Франция президенті Эммануэль Макрон Қытайға барды. Бұл сапар осы аптада бұқаралық ақпарат құралдарының жіті назарында болды. Макрон Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйенмен бірге Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, оны Украинадағы соғысты тоқтатуға ықпал етуге көндіруге тырысты.
Эммануэль Макрон, Франция президенті:
Ресейдің Украинадағы басқыншылығы тұрақтылыққа соққы болып тиді. Ол Еуропадағы ондаған жылға созылған бейбітшілікті аяқтады. Мен сізге сенім арта білетініме сенімдімін. Ресейге ес жиғызып, барлығын келіссөз үстеліне отырғызу керек.
Дегенмен Макронның бұл сапары нәтижесіз өткен сыңайлы. Еуропа сарапшылары мен баспасөзі сапар қытайлық сценариймен өтті деп жазды. Си Цзиньпин Еуропамен қарым-қатынасты кеңейту ұсынысын оң қабылдағанымен, Украинаға қатысты ұстанымын өзгерткен жоқ.
Кремль бұл сапарға қатысты өз пікірін білдіріп, Еуроодақ пен Қытай арасындағы келіссөздерді мұқият қадағалағанын айтты. Бұған қоса Мәскеу Бейжіңмен арадағы өте бай қарым-қатынас қалыптасқанын да атап өтті.
Дмитрий Песков, Ресей президентінің баспасөз хатшысы:
Қытай - өзінің жеке ұстанымы бар салмақты, ірі мемлекет. Сонымен бірге сыртқы ықпалдан өз көзқарасын тез өзгерте салу оған тән емес.
Ресей армиясы мен Украина күштері арасында шайқас қазір Бахмут төңірегінде жүріп жатыр. Апта басында Ресейлік «Вагнер» тобы қаланы басып алдық деп мәлімдегенімен, кейін бұл ақпаратты жоққа шығарды. Президент Зеленский армияға қоршауға түсу қаупі төнсе, кейін шегінуге тура келетінін де мәлімдеді. Ал шетел басылымдарының хабарлауынша, Украина армиясы Ресей күштеріне қарсы ірі қарымта шабуылға дайындалып жатыр. Оның уақыты мен бағыты әзірге құпия. Дегенмен жаңадан танкілердің, алысқа ататын зымырандардың жеткізілуі бұл күннің алыс емес меңзейді.
Арай Төлегенқызы