200 мың теңгеге қандай көліктерді заңдастыруға болады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

200 мың теңгеге қандай көліктерді заңдастыруға болады?

08.04.2023

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген автокөліктер де кедендік тазартудан өтуі қажет. Бұл – көлік құралдарын легализациялау үшін негізгі орындалуы тиіс шарттардың бірі.

Мемлекеттік кірістер комитеті 200 мың теңге тіркеу жарнасын қолдану арқылы қандай көліктерді заңдастыруға болатынын түсіндірді. Бұл санатқа мыналар жатады: әуелі жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргізуші орнынан басқа, сегізден аспайтын жолаушы отыратын орны бар көлік құралдары. Екінші, жүргізуші орнынан басқа сегізден астам отыратын орны бар, техникалық рұқсат етілген ең жоғары массасы 5 тоннадан аспайтын жолаушыларды тасымалдауға арналған көлік құралдары. Сондай-ақ, техникалық рұқсат етілген ең жоғары массасы 3,5 тоннадан аспайтын жүктерді тасымалдауға арналған көліктер кіреді.

Ел аумағына былтырғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және жоғарыда көрсетілген санаттарға жататын көлік құралдарды тіркегені үшін 200 000 теңге мөлшеріндегі алым алынады.


Хабарламаларға жазылу