Көктемгі әскерге шақыру науқаны жалғасып жатыр. Биыл Отан алдындағы борышын өтеуге 18 мыңнан астам бозбала шақырылған. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі жасақталып біткен. Бір ғана Астана қаласы бойынша бүгінге дейін 200 жас әскерге аттанған. Ал кеше Қонаев қаласындағы десанттық шабуылдау бригадасына тағы 40 адам жөнелтілді. Олар екі кезең бойынша міндетті медициналық тексеруден өткен. Жарамды деп танылғандары ғана әскер қатарына алынады. Кеше бір топ жас сарбазды ата-анасы мен туыстары шығарып салды.
Медет Тұрыскелдиев, Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы:
Бүгінгі таңда Қорғаныс министірлігін жасақтауға кірісіп кеттік. Астана қаласынан шамамен 500 адам шақыртылады. Кейін мамыр айы мен маусым айының аяғына дейін Ұлттық Ұлан қатарына шақырамыз. Сонымен көктемгі әскерге шақыру науқаны бітеді.
Сондай-ақ, биылдан бастап әскерге барып келген азаматтар Ұлттық біріңғай тест тапсырмай-ақ жоғары оқу орнында тегін білім алады. Оларға мемлекет тарапынан үш мың грант бөлінген. 60-тан аса жоғары оқу орнымен келісім бар. Сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеген соң екі жыл ішінде жоғарғы оқу орнына өтініш бере алады. Бұдан бөлек, әскерге барудан жалтарып жүргендерге 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Мүлдем себепсіз бас тартса, бір жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Асылбек Данияр