Еліміздің бірқатар өңірінде дизель отыны әлі тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің бірқатар өңірінде дизель отыны әлі тапшы

06.04.2023

Еліміздің бірқатар өңірінде дизель отыны тапшылығы әлі бар. Жанармай құю бекеттері солярканы тек арнайы шектеумен сатып жатыр.

Ресейдің Краснодрск қаласынан автобуспен жолаушылар әкеле жатқан Серік Абдуллаевтың Қазақстан шекарасына өткелі жолы өнбей қойды. Сарыағашқа дейін 150 шақырым жер қалғанда қаңтарылып тұр. Шымкент қаласының іргесіндегі май құю бекетіне түнгі сағат 3-те келіп кезекке тұрған. Кезегі жетер емес. Көптеген май құю бекетінде дизель отыны жоқ. Барлары шекті мөлшермен ғана береді. Немесе талон сұрайды. Айналдырған 150-200 литр жағармаймен ауыр көлік ұзап жүре де алмайды.

Серік Абдуллаев, автобус жүргізуші:

Қаланың ішінің бәрін аралап шықтым. Солярка жоқ. Талон дейді. Оны қайдан алам. Ақшаға бермейді. Өзбекстандықтарға беріп жатыр. Ал қазақтарға солярка жоқ. Тұрмыз міне. 300 теңге болса да құятын ек. Арзан солярка қайдан аласың. Берсе қанеки.

Алматыда да, дизель отынын сатуға екі күн бұрын шектеу қойылған. Жүргізуші куәлігін көрсеткендерге 100, ал жүк көліктеріне тәулігіне 300 литрден беріліп жатыр. Мамандар мұны жанар-жағармайға сұраныс тым артып кеткенімен түсіндірген еді. Тұтыну мөлшері бірден 30-35 процентке өскен. Қала билігі/ бұл мәселе көп ұзамай шешімін табады деп сендіріп отыр.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу