Қостанай облысында 35 үй мен 60 ауланы су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 35 үй мен 60 ауланы су басты

06.04.2023

Қостанай облысында Тінтуір өзені арнасынан асып Қарамырза ауылындағы 35 үй мен 60 ауланы су басты. Баспанасы бүлінген тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Тұрғындардың айтуынша, Қарамырза ауылының шеткі көшелеріне су 2 сәуір күні жайыла бастаған. Ал төртінші сәуірде үйлердің ішіне кіре бастапты. Қазір бірқатар баспана судан құрғатылған. Ал көшенің қашан құрғайтыны әзір беймәлім. Өздеріңіз көріп тұрғандай ауыл іші тілегей теңіз болып жатыр.

Аманкелді Тажахметовтің үй ішінде су кешіп жүргеніне бүгін үшінші күн. «Мен ес білгелі ауылды осымен бесінші рет су басты » дейді ол. Үш күннен бері үйдегі суды сорғызып құрғатуға мүмкіндік болмапты.

Аманкелді Тажахметов, Қарамырза ауылының тұрғыны:

Қалай сорады? Маңайдың бәрі су. Жертөлеге құйылады бәрібір. Енді не істеймін? Суды қазір сорады, сосын кептіреміз. Басқа не істеймін?

Бүгін маңайы құрғағасын құтқарушылар келіп Аманкелдінің үйіндегі суды соруға кірісті. Ауыл әкімінің айтуынша қазір 12 аула мен 9 үйді судан тазарту керек. Басқасы құрғатылған. Баспанасы тұруға жарамсыз кісілер туған туысын паналап жүр. Мектеп ішінде де арнайы бөлмелер жабдықталған. Тасқыннан адамдар зардап шекпеген, мал шығыны жоқ.

Айтқазы Нұрмағанов, Қарамырза ауылының тұрғыны:

Кімді кінәлайсың? Табиғат. Қар көп түсті. Кеше сағат екіде әкім келген. Үй саламыз деді биіктеу жерден. – Көшесіз бе? –Иә.

Шығын есептеледі. Әзірге жаңа үйлердің құрлысы қашан басталатыны, қанша үй салынатыны беймәлім. Қазір су деңгейі түсе бастаған. Төтенше жағдай қызметі ахуал әбден тұрақталғанша елді-мекенді бақылауда ұстайды.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу