Қазақстанда жыл соңына дейін 5 ішкі және 9 сыртқы бағыт бойынша әуе рейсі ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жыл соңына дейін 5 ішкі және 9 сыртқы бағыт бойынша әуе рейсі ашылады

05.04.2023

Қазақстанда жыл соңына дейін 5 ішкі және 9 сыртқы бағыт бойынша әуе рейсі ашылады. Бұл туралы бүгін сенатта әуе тасымалындағы мәселелер талқыланған отырыста Алмаз Ыдырысов айтты. Бұл жұмыстарға қосымша субсидия да қарастырылып отыр. Сенат депутаттары болса алдымен бұрыннан бар рейстерді уақытынан кешіктірмей, сапалы орындауға басымдық беру керек деп отыр.

Екатерина Ким бірер ай бұрын Алматыдан Астанаға сапарлаған. Оның рейсі белгісіз себептермен уақытынан 9 сағат кешігіпті. Әуе компаниясы жолаушыларға өтемақы төлемек түгіл әуелде тегін тамақ, су беруге асықпайды дейді ол.

Екатерина Ким, Алматы тұрғыны:

Жолаушылар шу көтеріп, шағымдана бастаған соң ғана 9 сағат әуежайда отырған бізді тамақтандырды. Ол өз алдына ғой. Мен мысалы Астанада жоспарлаған бірнеше кездесуімнен қалып қойдым. Елорда арқылы шетелге ұшытан жолаушылар да болды. Олар тіпті келесі рейстерінен кешіге жаздады.

Қазақстанда былтыр барлығы 79 мыңға жуық рейс жасалса соның 5 мыңнан астамы шегерілген. Рейстердің 13 пайызы техникалық ақауларға байланысты, 16 пайызы қызмет көрсетудің ұзақтығынан, 8 пайызы ауа райының қолайсыздығынан, 7 пайызы қызметкерлердің жетіспеушілігі салдарынан уақытынан кешіктіріліпті.

Әуе тасымалдаушылардың жауапкершілігін арттыру үшін талаптар қатаңдатылды. Ұшақ кешіксе жолаушылар ас-сумен қамтылады. Уақыттың өзгергені СМС хабарлама арқылы ескертіледі. Тіпті әуе компаниясы жолаушыларға айыппұл төлейді.

Алмаз Ыдырысов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:

Билеттің бағасының 3 процентін қайтарып алу үшін жолаушы сол авиакомпанияның өзіне сәйкесті жолдау жолдап, қажетті ақшасын өзіне қайтарып алады. Егер авиакомпания қайтармаймын десе онда ол құзіретті органға жүгінуге құқылы.

Қазір индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі кешіккен әр сағатына төленетін айыппұл құнын көтеру ұсынысын әзірлеп жатыр. Жуырда мәжілістің қарауына өткізбек. Енді билет бағасына тоқталайық. Ай бұрын алсаң арзан, тақалғанда алсаң бірнеше есе қымбатқа түседі. Министрлік өкілі билет бағасы халықаралық тәжірибеге сай нарық заңдылығына байланысты қалыптасады деп отыр.

Талғат Ластаев, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

Халықаралық авиацияда сондай ереже пайдаланылады. Билеттің саны көбірек алынса сол кезде билеттің бағасы көтеріле береді. Динамическая ценаобразование деген сондай методпен пайдаланады авиация.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Министрліктің мәліметіне сай билет құнының 32 пайызы жанармай шығынын жабады. 18 пайызы эксплуатациялық шығынға, 18 пайызы лизинг, 13 пайызы әуежайдың қызмет көрсеткені үшін төленеді. Және тағы 6 пайызы еңбекақы қорына бағытталады. Осындай қымбатқа түсетін билетіңіз рейс кешіктірілген жағдайда күйіп кетпесін десеңіз сатып алған платформаға міндетті түрде телефон нөміріңізді қалдырыңыз. Сондай рейске қатысты жаңалықтар және сіздің құқықтарыңыз бен мүмкіндіктеріңіз СМС арқылы сізге жетіп тұрады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу