Екібастұздағы жағдай қайталанбауына кепілдік жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұздағы жағдай қайталанбауына кепілдік жоқ

05.04.2023

Екібастұздағы төтенше жағдайдың қайталанбауына ешкім кепілдік бермейді. Бұл туралы Мәжіліске «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасын таныстырған ведомство өкілдері айтты. Екібастұздағы жылу желілерінің 50 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылды. Жылу электр орталығының негізгі жабдықтарының бір бөлігі де әкімдік балансына өтті. Объектіні одан әрі қаржыландыру схемасы меншік құрылымын ескере отырып айқындалады, дейді министр Алмасадам Сәтқалиев. Ал, техногендік апат болған кезде оқиға орнында болған вице-министр Жандос Нұрмағанбетов тергеу жалғасып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, жылу беру желілерінің тозуына байланысты оқыс жағдай қайталану мүмкін екенін де мойындады. Қазір елдегі 19 жылу электр станциясында жағдай күрделі, дейді ол.

Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

Кепілдік өкінішке қарай бере алмаймын. Былтыр дәл осы мерзімде Петропавлда труба құлағанын білесіз. Сол кезде де айтқан болатынбыз: Қазір жоспар жасалып жатыр, жөндеу жұмыстарының жоспары жасалып жатыр, тиісті жөндеу жасайтын мекемелер шақырылады деп. Осы бағытта жұмыс жасалды былтыр. Дәл сол алгоритіммен Екібастұзды да дайындаймыз деп жоспарлап жатырмыз. Яғни Петропавлда жағдай одан қиын болатын.

Бұдан бөлек, су жаңа энергетика министрі жылу тарифіне қатысты пікір білдірді. Айтуынша, алдағы уақытта кем дегенде 25 пайызға қымбаттауы мүмкін.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу