Қарағандылық зауытқа 4,5 млн теңге айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандылық зауытқа 4,5 млн теңге айыппұл салынды

04.04.2023

«Kazakhmys Smelting» серіктестігіне қарасты Балқаш мыс балқыту зауытында экоталаптардың өрескел бұзылуына байланысты компанияға 4,5 миллион теңге айыппұл салынды. 2022 жылы жүргізілеген тексерулер қорытындысы бойынша өндіріс орнының шихта дайындау, мыс балқыту цехтеры мен пештерінде және өзге де нысандарында техникалық жабдықтар әбден ескіргені анықталған. Салдарынан зауыт корпустарынан шаң-тозаң мен газ, күкірт диоксиді ауаға таралып, қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етуде. 2022 жылы зауыттан ауаға тараған өндірістік қалдық 57 мың тоннадан асқан. Ол үшін компания 2,4 миллиард теңге эмиссия төлеген. Енді тексеріс бойынша анықталған кемшіліктерді жоюы керек.

Дархан Исжанов, облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

Анықталған олқылықтар бойынша үш әкімшілік хаттама толтырылды. Барлығын қосқанда 4,5 миллион теңге айыппұл салынған болатын. Енді компания өндіріс нысандарындағы кемшіліктерді 2023 жылдың соңына дейін жоюы тиіс. Жалпы 2025 жылға дейін күкірт диоксиді мен өзге де өндірістік қалдықтарды азайту үшін зауыттағы жаңғырту жұмыстарына 7 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырып отыр.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу