Екібастұздың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығы ішкі көші-қон бағдарламасы бойынша үлестірілуі тиіс 15 пәтерді өз қызметкерлері мен туыстарына беріп жіберген. Ал, олар бұл баспаналарды жекешелендіріп алуға әрекет жасаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті араласқан соң мемлекет мүлігі кері қайтарылатын болды.
Дархан Құрақбаев, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
Баспана беруге жауапты комиссия құрамында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандары ғана болған. Қоғамдық ұйым өкілдерін кіргізбеген. Шешім қабылдау кезінде бейнекамераны сөндіріп қойған. Себебі пәтер берілген адамдардың мемлекеттік бағдарлама жеңілдігін пайдаланатындай еш құжаты болмаған.
Бұдан бөлек орталық қызметкерлері шағын бизнесті дамытуға арналған мемлекет қаржысын талан-таражға салған. Қайтарылмайтын грант бөлу кезінде кәсіпкерлермен алдын ала келісіп, өздеріне пайыздық үлес қалдырып отырған. Өкілетті орган бюджетке келтірілген шығын көлемін есептеп жатыр.
Болат Аманбаев