Үкімет жанармай бағасын өсіруге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет жанармай бағасын өсіруге мәжбүр

04.04.2023

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елде жанармай бағасының өсуіне байланысты түсінік берді. Оның айтуынша, Үкімет мұндай шешім қабылдауға мәжбүр болған. Үкімет отырысына қатысып келген әріптесім Оңғар Алпысбайұлы тікелей эфирге қосылып толықтырсын. Оңғар, бағаның қымбаттауына нақты не себеп болған?

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Иә, Дархан. Бұған дейін айтылып жүрген пікірді Үкімет басшысы да қолдады. Біздегі арзан жанармайды көрші елдер түрлі жолдармен тасып жатқан көрінеді. Мәселен, Қазақстанда дизель отынының бағасы литріне 230-260 теңге арасында. Ресейде 345 теңге. Ал Қырғыз Республикасында 390 теңге. Өзбекстанда екі есе қымбат деуге болады. 480 теңге. Біздің арзан отынымыз өзіміздің мүддемізге емес көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп жатыр деді Үкімет басшысы. Ал тұтыну деңгейі, керісінше. Қазақстанда жылына адам басына шаққанда 375 литр болса, Ресейдің өзінде 200 литрден сәл жоғары. Ал Өзбекстан мен Қырғыз елінде 8 есе аз екен. Сондықтан көрші елдермен бағаны теңестірмесек ел ішінде бір ай көлемінде, яғни егіс науқаны кезінде мұнай өнімдерінің тапшылығы болады деді Премьер-министр. Айтпақшы, бағаның бұлай өсуі біздің диқандарымызға аса сезілмейді деп сендірді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Ауыл шаруашылық өнім өндірушілерге көктемдегі егіс үшін арзандатылған дизель отыны толығымен бөлініп отыр. Биыл көктемге 413 мың тонна арзандатылған дизель бөлінді. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 13 мың тоннаға көп. Және оның бағасы орташа 204 теңгені құрайды. Және бұл баға өзгермейді.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Сондай-ақ, Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Парламент сессиясының ашылу кезінде берген тапсырмаларын орындау барысы талқыланды. Әр министрлік атқарылып жатқан жұмыстары туралы есеп беріп, жоспарларын айтты. Мәселен, Үкімет алдына жыл соңына дейін инфляцияны екі есе төмендету мақсаты қойылды. Ал халықтың табысын 4,6 пайызға өсіру қажет екені айтылды. Әлеуметтік, құрылыс, білім, медицина салаларындағы жоспарлар баяндалды. Қандай жұмыстар нақты атқарылатынын келесі шығарылымдарда айтамын.

Оңғар Алпысбай

Хабарламаларға жазылу