Қарағанды хайуанаттар бағына әкелінген қара аққулар карантиннен шығарылды. Енді олар өзге құстармен бірге өмір сүреді. Жабайы табиғатта өте сирек кездесетін сұлулық символының бұл түрі осыдан екі ай бұрын жеткізілген. Арқа төсіне алғаш келген қара аққулардың ерекшелігі осы. Бір-бірін еркелетіп, саңқылдап жиі тілдеседі. Бұл 5 жасар құстар Шымкент қаласынан жеткізілген. Мамандардың айтуынша, елімізде аққудың сыбырлақ және сұңқылдақ аққу деген екі түрі ғана бар. Ал мына ерекше қара түстісі көбіне мұхиттың арғы жағындағы климаты жайлы елдерге тән.
Ербол Байжанов, хайуанаттар бағының ғылыми қызметкері:
Бұл Аустралия, АҚШ, Жаңа Зеландия жақта өмір сүреді. Қазір бұлардың жағдайы өте жақсы. Бұлар табиғатта көбіне ұшып кетпейді. Бір тоғанда өмір сүре береді. Содан кейін балапан басады. Олар 5-7 сегізге дейін барады. Сосын балапандарын бірге аяқтандырады.
Құстардың тәбеті жақсы, оларға берілетін азық-түлік қатаң бақылауда. Өткен жылы зообақ әкімшілігі аң-құсқа қалдық әкеле салып құтылғысы келген 26 мердігермен соттасып, келісім-шартты бұзыпты. Ас-суы дұрыс болса, құстардың қауырсыны құлпырып, ерекше сұлуланып кетеді дейді мамандар. Жалпы хайуанаттар бағы көптеген сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарларға пана. Аққумен қатар мұнда қара тұмсықты тукандар да бар. Тәкәппар тауыстардың да сұлулығы таңдай қақтырады. Зообақта 40 түрлі 175 құс бар.
Гүлнар Адамбекова, хайуанаттар бағының директоры:
Біз жақында ақ тауыстың аталығын алып келдік. Себебі біздегі 5 тауыстың барлығы аналық. Енді жақында әдемі құстар тіптен көбейе түседі деп күтіп отырмыз. Аталық тауыс жақында ғана карантиннен шығып осында қосылған. Бес бірдей аналықтың қоршауында қалды. Оған бұл жер өте ұнайтын секілді.
Халықаралық құстар күніне орай хайуанаттар бағында кәдімгі мерекелік шара өтеді. Және ең әдемі құстың ұясын жасап әкелген жас бүлдіршіндерге сый-сияпат беріледі. Бұл 20 жылға жуық уақыт бойы өткізіліп келе жатқан дәстүрлі шара.
Руслан Нұрланұлы