Отандық фармацевтер бірқатар препараттар қымбаттауы мүмкін деп дабыл қақты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық фармацевтер бірқатар препараттар қымбаттауы мүмкін деп дабыл қақты

03.04.2023

Отандық фармацевтер бірқатар жақпа май мен препарат қымбаттауы мүмкін деп дабыл қағуда. Әсіресе, бұл тапсырыспен дәрі-дәрмек дайындайтын дәріханаларға әсер етеді дейді мамандар. Қазір елде олардың саны 126. Бұл мәселенің туындауына шетелден алынатын фармацевтикалық субстанцияларды тіркеу және сертификаттауды енгізу туралы жаңа жобаның ұсынылуы себеп болып отыр. Ендігі жерде ол құқықтық-нормативтік құжат аясында талап етілмек. Қазір фармацевтикалық субстанциялардың 99 пайызы шетелден келеді. Еуропадан, Ресейден, Қытайдан алынатын дәрі-дәрмек шикізаттары онсыз да халықаралық талапқа сай сертификатталған. Енді оны елімізде қайта тіркеп, сертификаттау ұзақ уақытты алады және өте қымбат. Әсіресе, бұл аз көлемде шығарылатын, сирек кездесетін перпараттарды дайындауда фармацевтерге тиімсіз екен.

Ольга Цейц, фармацевтикалық компанияның директоры:

Жаңа жоба қабылданса біздің дәріханаларымыз жабылады. Себебі бір препаратты жасау үшін қажетті субстанцияларды түгел тіркетіп, сертификаттау қажет. Оның құны өте қымбат және уақыт алады. Салдарынан тапсырысты аз қабылдап, шетелден алынатын субстанцияны да азайтамыз. Бұл жай ғана емес, дәрінің бес есе қымбаттауына әкеліп соғады.

Эрик Құлшанов, ҚР денсаулық сақтау министрлігі басқарма басшысы:

Фармацевтердің бұл айтқан уәжі асығыстық. Себебі біз субстанцияларды тіркеу және сертификаттаудың жаңа жобасын бизнес өкілдеріне және мемлекеттік орган ретінде талабымызға қарай ыңғайлап барып қабылдаймыз.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу