Ұлттық арнадағы «Қазақстан дауысы. Балалар» мегажобасына қатысқан оралдық қайсар қыз Мөлдір Базарбай дара дауысымен көпшіліктің ықыласына бөленді. Ол көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектепте оқиды, моншақтан қолөнер бұйымдарын жасайды. Ән байқауына қатысуға 6 мыңнан астам адамнан өтініш түскен. Мөлдір олардың арасынан суырылып шығып, екінші кезеңге өтті.
Тұнық даусымен тыңдарманын тәнті еткен Мөлдір Базарбай туғанынан көру қабілетінен айырылған. Маңдайдағы қос жанар семгенімен, табиғат Мөлдірдің көкірек көзін ашқан екен. Бойында бұлқынған дара өнері арқылы-ақ қаршадай ғана қайсар қыз ғажап даусымен дүйім жұрттың ықыласына бөленді. Гео: ОРАЛ. Музыка мен сабақтан тыс уақытта Мөлдір моншақтан түрлі бұйымдар тоқиды. Жетіген, домбыра, сазсырнай аспаптарын жетік меңгерген.
Мөлдір туғанынан сал ауруына шалдыққан. Шала туған шақалақтың «адам боларына» дәрігерлер шүбә келтіргенімен, анасының сенімі мен үміті күні бүгінге дейін күш беріп келеді. Мөлдір Атырау облысындағы Жылыой ауылының тумасы. Оралдағы арнаулы мектеп үшін 7 жыл бұрын осында көшіп келген.
Өмірге құштар жас өреннің өнері нағашы жақтан берілген. Қазір де нағашы әжесі қасында. Мөлдірді вокал, ағылшын тілі үйірмелеріне апарады. Осы айда «Қазақстан дауысы. Балалар» мегажобасының екінші кезеңіне жол жүреді. Әжесі жиеніне жеңіс тілеп, ақ батасын берді.
Ардақ Мұратқызы