Қазақстан бидай импортына шектеу қоймақшы. Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті бұйрықты қоғамдық талқыға шығарды. Құжатқа сәйкес 6 ай көлемінде Қазақстанға Ресейден автокөлікпен бидай кіргізуге тыйым салынады. Бұл қазақстандық өнімнің бағасын тұрақтандыруға және диқандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Иса Аллахяров 30 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Егін егеді, ұн шығаратын комбинаты бар. Биыл күзде қыруар бидай сатып алған. Алайда сырттан келіп жатқан арзан тауармен бәсекелесе алмай қалды. Салдарынан қоймасының өнімге толып тұрғанын айтады. Қазір оны сатып алған бағасына да өткізе алмайды.
Иса Аллахяров, кәсіпкер:
Менің кәсіпорынымда 150 адам жұмыс істейтін. Қазір жиырмасын қалдырып, жүз отыздан астамын жұмыстан шығаруға тура келді. Себебі оларға істейтін жұмыс жоқ. Жалақы төлейтін ақша да аз. ҚҰрдымға кетіп барамыз. Мұның бәрі кантробанданың кесірі. Кіргізсін бидайды. Қарсы емеспіз. Бірақ заңды кіргізсін.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша қара нарықта жылына 1,5 - 2 млн тоннадай өнім саудаланады. Одан мемлекетке келетін шығын 500 миллион доллардан асып жығылады. Сондай-ақ, ол бидай бағасының арзандауына себеп болып отыр. Былтыр шілде айында тоннасы 185 мың теңгеден сатылса қазір құны 85 мыңға дейін түсіп кеткен.
Қазыбек Омаров, Қазақстан астық одағының ресми өкілі:
Салығы төленбегендіктен, заңсыз келгендіктен оның бағасы төмен. Қосымша құн салығы төленбейді. Оның үстіне темір жолдың транзиттік тарифі төленбейді. Қазақстанның астығы есебінде экспорттық тарифпен кетеді. Экспорттық тариф транзиттік тарифтен бірнеше есе төмен. Соның арқасында ол Қазақстанда өсірілген бидайдан арзандай болып келеді.
Дегенмен импорт толық тоқтамайды. Бидай тұқымын теміржол арқылы жеткізу қалыпты жүргізіле бермек. Себебі Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін керісінше еселеп дамыту мақсаты қойылған.
Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:
Фуралар бар 20 тонна көтеріп алып келудің орнына ол 2 есе қылып алып келе салады. Сұр импорт қой. Оны ешқайда тіркемейміз, ешқайдан көрмейміз. Теміржол арқылы кіргізсе бәрін біліп көріп отырамыз. Ол қашан кірді, бажын төледі ме, ол ары қарай қайда барады.
Мемлекет тарапынан мұндай шектеулер болмаса кәсіпкерлер банкрот болудың аз ақ алдында тұр. Ал, егер олар жабылса нанымыз импортқа тәуелді болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл шектеу азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің амалы дейді мамандар.
Оңғар Алпысбайұлы