Тозығы жеткен энергетика инфрақұрылымы еліміздегі бірнеше қаланың халқын қыс бойы титықтатып жіберді. Әсіресе, Екібастұздағы апат тығырыққа тіреді. Тұрғындарды жеткілікті деңгейде жылумен қамтамасыз етпегені үшін «Екібастұзжылуэнерго» серіктестігіне 27 млн 600 мың теңге айыппұл салынды. Қыс басталмай жатып тұтас қаланы қатырып тастай жаздаған монополист компанияның әлегі мұнымен бітер емес. Екібастұз халқы бірнеше күннен бері қара түтіннен көз ашпай , жағымсыз иіске тұншығып отыр.
Болат Аманбаев, тілші:
Қыстан әзер шыққан Екібастұз тұрғындары күн жылына тағы қыспаққа қалды. Жылу электр орталығынан будақтаған қара түтін мен топырақ аралас шаң тұтас қаланы жапқан. Орталық өкілдері сұқбат беруден бас тартты, олар таратқан ақпарат бойынша жөндеу жұмыстарының алдында, жылу қазандықтарындағы көмір қалдығы өртеліп жатыр.
Қаланы түтін тұмшалағалы бірнеше күн болған. Көмір қалдығынан ұшқан күл айналаны түгел бүлдірген.
Жұмағали Қоғабаев, Екібастұз қаласының тұрғыны:
Қыс бойы жылуды күттік. Енді мынау күл аспанға көтеріліп бүкіл жерді, аспанды басып кетті. Тұншығып жатырмыз ғой. Бірінен соң бірі. Жығылғанға жұдырық болып жатыр. Тез арада шұғыл шешім қабылдамаса бүкіл жұртты ауру қылады мына нәрсемен.
Жылу маусымы аяқталысымен 8 қазандық бастан аяқ жөнделеді. 60 шақырым жылу желісі жаңадан салынады.
Әнуарбек Аманов, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары:
Магистралдік жұмыстарды атқару үшін 9 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді және карталдық желілерді ауыстыруға 1 млрд 7000 млн теңге бөлінеді. Жылу стансасындағы жұмыстарды жасауға қазіргі уақытта сметалық құжаттар дайындалып жатыр.
Жылу желілері енді әкімшілік иелігінде болады. Сондықтан жөндеу жұмыстарына қажетті қаржының 50 пайызы бюджеттен бөлінеді. Техникалық аудит сараптамасы жылу құбырларының 91 пайызы шіріп кеткен деген қорытынды шығарды.
Евгений Панченко, «Екібастұз Жылу Желілері» кәсіпорыны директорының міндетін атқарушы:
Біз қыс бойы желілерді қайта жабдықтау жұмыстарын жүргіздік. Жаз айларында қауіпті аумақтардағы құбырлар ауыстырылады, жылу магистралі тұтастай сынақтан өткізіледі. Алдағы қыста апатты жағдай қайталанбайды деп айта аламын. Негізі стансаға салмақ түсірмеу үшін жыл сайын 30 шақырым құбыр ауыстырылып отыруы керек.
Ал өткен жылы небары 600 метр құбыр ауыстырылған. Соның салдарынан тұрғындар қыс бойы жаурап шықты. Бүгінгі күні жылу электр орталығы, «Екібастұзэнерго» және Екібастұз жылу желілері кәсіпорыны басшылары қылмыстық іс бойынша тергеліп жатыр.
Болат Аманбаев