Сегізінші сайланған мәжілістің төрағасы болып, Ерлан Қошанов қайта сайланды. Депутаттар жасырын дауыс беру арқылы оның кандидатурасын бір ауыздан қолдаған. Альберт Рау мен Дәния Еспаева мәжіліс төрағасының орынбасарлары қызметін атқаратын болды. Сондай-ақ, төменгі палата комитеттерінің төрағалары да сайланды. Аграрлық мәселелер комитетін Серік Егізбаев басқарады. Ал бұрынғы министр Асхат Аймағамбетов, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жұмысын жүргізетін болды. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне Снежанна Имашева, Қаржы және бюджет комитетіне Мәди Тәкиев сайланды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін Айгүл Құспан, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетін Еділ Жаңбыршин, ал Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіне Нұртай Сабильянов төрағалық етеді. Комитеттердің атауы мен саны өзгеріссіз қалды.
Оңғар Алпысбай