Президент алдағы бес жылға тапсырмалар жүктеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент алдағы бес жылға тапсырмалар жүктеді

29.03.2023

«Былтырдан бері саяси жүйені жаңғыртуға баса мән бердік. Енді экономикадағы нақты мәселелермен айналысатын кез келді». VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген Мемлекет басшысы осылай деді. Президенттің негізгі мәлімдемелері келесі сюжетте. Президент «экономика мен әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдерді ретке келтіруіміз қажет» деп есептейді. Ал ол үшін жұрттың бәріне жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек екенін айтты. Себебі «еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп, неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алайда аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет.

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күші болуы керектігін айта келе, қазір орта бизнес жүйесіз дамып жатқанына тоқталды. Тек жекелеген аймақтарда ғана оң қарқын байқалады деді. Сондықтан Үкіметке созбалаңға салмай, экономиканың негізгі салаларына қомақты инвестиция тарту міндетін жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет. Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс.

Үкіметке экономиканы монополиядан арылту бойынша былтыр басталған жұмысты жалғастыруды тапсырды. Әрі Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы әзірленген жеке заң жобасын Парламент жуық арада қабылдауы керек деді. Сосын Заңдар мен түрлі ережелерді әзірлеген кезде қаржы топтары мен ірі бизнес өкілдері шешім қабылдауға зор ықпал ететінін, яғни лобби барын айтты. Сондықтан депутаттарға лоббистік қызметті заңмен реттеп, бақылаудың халықаралық тәжірибесін зерттеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ашығын айтсақ, бұл барлық елге, тіпті, дамыған мемлекеттерге тән жағдай. Бірақ осы үдерісті қоғамнан жасырмай, заңмен реттеу керек, әйтпесе, жемқорлық белең алады. Өркениетті елдерде саясат жабық есік жағдайында астыртын жасалмайды.

Президент былтырғыдай тауар газы тапшы болып қалмауы үшін үшін газ саудасын ашық бәсекеге шығарудың маңыздылығына тоқталды. Ол үшін шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн деді . Мысалы, кімнің үйі үлкен болса, соған газ тарифі жоғарырақ болуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жалпы, төмен тарифтер мен төмен бағалар экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидиялар көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ.

Президент осы қыста бірқатар қала мен елдімекен жылусыз қалғанын еске салып, электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатқанын айтты. Әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмады. Президент асыраушысынан айырылған азаматтардың жәрдемақысын 1 қыркүйектен бастап орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырды. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет екенін айтты.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу