Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 24 млрд доллардан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 24 млрд доллардан асты

28.03.2023

Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 24 млрд доллардан асқан. Аталған көрші мемлекет – еліміздің ең ірі сауда серіктерінің бірі. Қазақстан әлі де қосымша 135 тауар түрі бойынша, отандық өнімнің экспортын 1 млрд долларға арттыра алады. Әсіресе, металлургия, мұнай-химия, тамақ, машина жасау және құрылыс тауарларын сыртқа шығаруға мүдделі. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасындағы қарым-қатынастарды нығайту туралы басқосуда айтылды. Қазақстан бұл өңірге жануарлардан алынатын өнімдер, жүн, тері, мақта, ет, ұн, крахмал, жұмыртқа және бал жөнелтіп тұрады.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

Ма Синжуя мырза бірінші рет Қазақстанға іс-сапармен келіп, Қытайдың экономикалық мүмкіндіктері, не істейміз, қалай істейміз сияқты барлық мәселелерді талқылап жатырмыз. Негізгі біздің мақсатымыз – Қытай мемлекетіне Қазақстанның ауылшаруашылығы өнімдерін шығару болып табылады.

Қазақстанның өнім экспортындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының үлесі 23% құрайды. Бұл Бейжіңнен кейінгі екінші орында. Шара аясында жалпы сомасы 565 млн доллардан асатын екіжақты 18 құжатқа қол қойылды.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу