Қарағанды қаласында негізгі кәріз құбыры бітеліп қалып, қалдық су тұрғын үйлердің жертөлесіне кіріп жатыр. Мамандар бұл келеңсіздікті қардың күрт еруімен, әрі суағарлардың дұрыс жұмыс істемеуімен байланыстырады. Сонымен жағдай қашан оңалады?
Қаланың Оңтүстік Шығыс ауданында салынып жатқан жаңа үйдің жертөлесі кәріз суына көлкіп тұр. Қолқаны қапқан жағымсыз иіс жоғары қабаттарды да алып кеткен.
Алтай Құсайынов, құрылысшы:
Бүкіл су осы біздің объектінің подвалына келіп жатыр. Кеше түнгі 12-ге дейін алыстық. Машиналар жалдадық. Кеше өзіміздің мына жердегі электрощитовойымыз атылып кете жаздады. Судың биіктігі 80 сантиметрге дейін жетті.
Қалдық су үй маңындағы мына кәріз құбырынан келіп жатыр. Ағып үлгермеген лас су құдық сыртына тасып тұрғын үйдің жертөлесіне кірген.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Қарағандыда суағарлардың дені дұрыс жұмыс істемейді. Салдарынан еріген қар суы негізінен кәрізге арналған коллекторлық құбырға құйылады. Онсыз да бітеліп жатқан ескі құбырлар мұндай су ағысына шыдас бере алмайды. Міне аузы-мұрнынан шығып тасып жатыр. Мамандар амалсыз мынадай арық қазып су тазалау станциясына бағыттауға мәжбүр болған
Қаладағы ең үлкен №10 коллекторлық құбыр өткен ғасырдың 70-і жылдары салынған. Алты жыл бұрын полиэтиленмен қаптаған. Алайда жаңа технология сыр беріп, су өткізбейтін материал сыдырылып, құбыр бітелген. Соның кесірінен лас су кері аққан.
Кенжан Дауылбаев, «Қарағанды Су» ЖШС бас директорының орынбасары:
Қазір мердігерлік ұйым құбырды тазалап жатыр, сол кезде құбырды қайта іске қосамыз. Бір ішінде тазалап бітуі керек. Федоров су қоймасына қауіп жоқ, өйткені біз арнайы арық қазған болатынбыз.
Қазылған арық қала маңындағы Федоров су қоймасына жақын. Кәріз суын бұлайша жерді қазып, ашық ағызу қоршаған ортаға өз зардабын әкелуі мүмкін,-дейді эколог мамандар.
Дмитрий Калмыков, эколог:
Ол маңға зертханалық сараптама жасау керек. Кәріз суы арық қазғанша маңайға жайылды ғой. Тіпті сол арық арқылы топырақ қабатына зардабы тиюі әбден мүмкін. Дәл іргесінде су қоймасы тұр. Оған зиян әкелмесіне кім кепіл. Егер зертхана қорытындысы бойынша мұндай деректер расталса кінәлілерді жазаға тартумен шектелуге болмайды. Ол маңды қайта қалыпқа келтіру қажет.
Жалпы Қарағанды қаласы бойынша 700 шақырымнаан астам кәрізге арналған коллекторлық құбыр бар. Соның 75 пайызы тозған. 2009 жылдан бастап тек 150 шақырымы ғана жаңаланған. Ал өзгесін тазалау, қосымша жаңа құбыр тартуға миллиардтаған қаражат қажет.
Руслан Нұрланұлы