Маңғыстау облысында дәрігер тапшы. Әсіресе шалғайдағы елді-мекендерде жағдай қиын. Себебі, ауылға маман тұрақтамайды. Соның кесірінен тұрғындар қалаға қатынап, ем-дом іздеуге мәжбүр. Денсаулық сақтау басқармасындағылар мәселені шешу үшін, бірнеше бағытта жұмыс бастаған.
Дәрігері жоқ ауылдардың бірі – Бостан. Елді-мекенде 2 мыңнан астам халық тұрады. Тұрғындар қай жері ауырса да, тіс дәрігері Оразгүл Иманмәдиеваға қаралады. Себебі, ауылда жалпы тәжірибелі маман жоқ. Ал, стоматолог ауыр науқастарға қаладан жедел-жәрдем шақырғаннан басқа, көмек көрсете алмайтынын айтады. .
Оразгүл Иманмәдиева, стоматолог дәрігер:
Аяқ астынан ауырып қалатын адамдар болады. сондай уақыттарды дәрігердің көмегі көп қажет болады. жалпы өзімізде отырып, анда-мында жіберіп отыратын маман дәрігер керек терепевт, педиатор.
Ал, Болашақ станциясында бірде-бір дәрігер жоқ. 700-ге жуық халқы бар ауылдың тұрғындары ауыра қалса, қайда барарын білмейді. Себебі,150 шақырым жердегі Жаңаөзенге жетудің өзі мұң. Өйткені, екі арада жол жоқ.
Ізтұрған Басбалаев, Болашақ ауылдық округінің тұрғыны:
Білікті маман жоқтықтан біз қатты қиналамыз. Өзімнің балам осыдан 3-4 жыл бұрын операция болып, жол да жоқөзім жалдап жеке меншік мәшін жалдап, аппендицит болып, баламды Өзенге больницаға жібердім. Сол заттар бізге енді оңай емес.
Қазір аймақта 228 дәрігер жетіспейді. Оның 109-ы Ақтауға, 70 ке жуық маман Жаңаөзен қаласына қажет. Ал аудандарда 51 медицина қызметкері тапшы. Анестезиолог-реаниматолог, гемотолог, балалар дәрігері мен жалпы тәжірибелі дәрігерлер ауадай қажет.
Бибізада Дүйсенбаева Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
150 млн теңгеге тұрақтандыру медицина қызметкерлерін ұзақ уақыттық келісім шартқа отыру мысалы 5 жыл 10 жылға дейін дегендей ойластырып жатырмыз. Үй береміз бірақ сен кемінде 10 жыл осы жерде қаласың деген сияқты.
Жергілікті әкімдік те бұл мәселеге назар аударып, грант санын арттырды. Мәселен, 2021-жылы небәрі 67 грант бөлінсе, былтыр 157ге жетті. Ал, биыл тағы 175 жалпы білім беру грантын бөлу жоспарланған. Аймаққа өткен жылы 93 жас маман келген. Осы қарқынмен алдағы 3 жылда дәрігер тапшылығы жойылады деген болжам бар.
Аягөз Оралбайқызы