Таразда алғаш рет 11 аумақтық округ бір мезетте той жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда алғаш рет 11 аумақтық округ бір мезетте той жасады

21.03.2023

Тараздағы жұртшылық төл мерекемізді қалай тойлады екен? Әулиеаталық әріптесім Данияр Әлімқұлға сөз берейік, әріптес.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Иә, Армангүл, қайырлы кеш! Жамбыл жерінде төл жаңа жылды тойлаудың ең негізгі шаралары ертең өтпек. Бірақ соған қарамастан Әулиеата жерінде Әз наурыз мейрамы бүгін де бар сән-салтанатымен өтіп жатыр. Таразда алғаш рет 11 аумақтық округ бір мезетте той жасады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Шаһардағы шарапатты шаралар дүйім жұртқа керемет көңіл күй сыйлады. Қала әкімі де асық атуға қатысып, арқан тартыста жанкүйер болды. Ұлыстың ұлы күнін ұйғыр халқы да ұмыт қалдырған жоқ. Жастарға палау пісіруді үйретіп, тегін тоқаш таратты. Ән де айтылды, би де болды. Қордай ауданы да отызға жуық киіз тігіп, 10 мыңға жуық адамға жаңа жылдық көңіл күй сыйлады. Ал сыңғырлай күлген сұлулар ұлттық киімдерден сән үлгілерін көрсетті. Той барысынан тілшілер де тыс қалмады. Әулиеаталық әріптестеріміз бірігіп, тұрғындар арасында тоқаш жеуден жарыс өткізді.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Бұған дейін Таразда Наурызға орай тек облыс деңгейіндегі шаралар ғана өтетін. Биыл қала халқы ертеден келе жатқан мейрамға ерекше көңіл бөлінгеніне қуанышты. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, Армангүл.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу