Президент Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады

21.03.2023

Ұлыстың ұлы күнінде Қазақстан мүлде жаңа сипатқа ие болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қазақстандықтарды наурыз мейрамымен құттықтауында осылай деді. Президент мерекелік іс-шараға қатысты. «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясына барып, тазы иттердің көрмесін тамашалады. Наурыз - тұтас түркі халқы үшін сипаты бөлек, мән-мағынасы терең мейрам. Ырыс-ынтымақтың бастауы, жаңа күн, жаңа жыл басы. Мемлекет басшысы халықпен бірге алаңдағы мерекені тамашалап, қазақстандықтарды Әз-Наурызбен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бабаларымыз Наурыз тойын жасампаз еңбектің мейрамы санаған. Бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Елге пайдасы тиетін игі істер атқарған. Бір сөзбен айтсақ, Ұлыстың ұлы күні – жаңа өмірдің жаршысы. Бұл мейрамды халқымыз тұтас ел болып, бір ұлт болып түгел тойлайды. Наурыз кезінде бүкіл елге ортақ құндылықтар дәріптеледі. Яғни Әз-Наурыз – нағыз халықтық мейрам. Бауырмалдық, жанашырлық, сыйластық, отаншылдық сияқты қасиеттің бәрі осы Ұлық мерекеде көрініс тапқан. Біз – ата жолын жалғаған жұртпыз.

Наурыз кезінде бүкіл елге ортақ құндылықтар дәріптеледі. Оның үстіне биылғы мейрам елдегі саяси оқиғамен тұспа-тұс келді. Халық кеше таңдауын жасады. Бүгін жаңа күнде жаңа бастамалардан үмітті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен дәл бір жыл бұрын тың бастама көтердім. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформалар ұсындым. Халық бұл бастамаларды қолдады. Біз жоспарымызды бір жылда табысты жүзеге асырдық. Референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Билік жүйесін қайта жасақтау үшін маңызды саяси шаралар іске асырылды. Кеше ғана өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы – бүкіл реформаларымызды алға бастайтын өте маңызды қадам. Бұл сайлау – ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы. Осылайша, мемлекетіміз жаңа дәуірге қадам басты. Жалпы, еліміздің жаңа саяси келбеті қалыптасты. Тарихи сәт Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар.

Жаңа Қазақстанның бүгінгі бейнесі Әз Наурызбен толық үндеседі. Мемлекет басшысы осылай деді. Ұлыстың ұлы күнінде қасиетті Отанымыз жаңа сипатқа ие болғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Енді саяси жүйесі толық жаңғырған еліміз тың қарқынмен дамиды. Бұл реформалар экономиканың өсуіне, халық табысының артуына жол ашады. Реформаларымыз міндетті түрде жалғасын табады. Біз жан-жақты дамыған қуатты мемлекет боламыз! Бұл – негізгі мақсатымыз.

Дегенмен, алда ауқымды жұмыс бар. Оған бірлесе әрекет ету арқылы ғана жетуге болатынын еске салды Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азаматтарымыздың көзқарасы әртүрлі болғанымен, барлығының тілегі – бір. Бұл – елдің амандығы, мемлекеттің жарқын болашағы. Біз осы ортақ мақсат жолында бірлесіп еңбек етеміз. Алда атқаратын жұмыс көп. Біз бір ел болып іске кіріссек, алынбайтын асу жоқ. Мен жасампаз халқымыздың келешегі жарқын болады деп сенемін. Мемлекеттің мүддесі – бәрінен биік.

Жастарға қамқорлық кемімейді. Оларға барынша жағдай жасалады. Президент мұны үнемі айтып келеді. Бүгін де басымдық берді. Бұл жастар қайырымдылық акциясын қолға алыпты. «Жүрек жылуы» - ай бойы халықтың әлеуметтік осал топтарына қамқорлық көрсетіп, көпбалалы отбасылардан, мүмкіндігі шектеулі жандардан, зейнеткерлерден келіп түскен хаттарда жазылған өтініш-тілектерді орындайды. Алғашқы хатты Мемлекет басшысы алды. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев тазы иттердің көрмесін тамашалады. Жеті қазынаның біріне қолдаудың жаңа түрі керек. Президент тазыны халықаралық деңгейде дәріптеу керегін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбетті халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуы қажет. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық, кәсіби көзқарас қажет. Сол үшін арнайы заң қабылдадық.

Бұл күшіктің аты – Наурыз. 1,5 айлық. Президентке сыйға берілді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Nomad Stunts тобының өнерін тамашалады. Каскадерлер аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, садақ ату сияқты ұлттық ойын түрлері мен көшпенділердің әскери шеруін көрсетті. Топ жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожиновке Қасым-Жомарт Тоқаев ер-тоқым сыйлады.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу