«Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл «Сайлау-2023» онлайн марафоны-- телеарнаның сайтында және Facebook пен YouTube желісінде таңғы 9-дан бері үздіксіз көрсетілуде. Ауқымды шараның биылғы ерекшелігі қандай? Марафонға қатысушылар қандай тақырыптарды ортаға салуда? Белгілі саясаттанушылар, министрлер мен қоғам белсенділері, өнер жұлдыздарының дені бүгін «Қазмедиа» орталығында жүр. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұйымдастырған марафонға көрермендерді қосқанда барлығы екі мыңдай адам келді. Мұнда бірнеше алаң бар. Жүргізушілер спикерлерден сұхбат алса, әншілер ән салып, стендаперлер әзіл айтады. Әрі TED-x форматында монологтар айтылды.
Әлихан Байменов, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы:
Сайлау ел үшін маңызды науқан. Ол бір реттік емес. Оның салдарын біз ұзақ жылдар көреміз. Ал, сіздер елге осы сайлаудың қалай өтіп жатқаны туралы толыққанды ақпарат беріп отырсаңыздар одан қоғам ұтады.
Жақсыбек Құлекеев, мемлекет және қоғам қайраткері:
Осындай өзгерістер бұл халықтың болашаққа деген үмітіне бір жақсы жол ашқан секілді. Олардың сенімін арттырған секілді. Елдің барлығы осы сайлаудан үлкен жаңалық, жақсылық күтіп отырғаны рас.
Сайлаушылардың белсенділігі бойынша сағат сайын халықаралық байқаушылар, прокуратура мен ішкі істер министрлігі өкілдері ақпарат беріп отыр. Онлайн-марафонның бір ерекшелігі - «Дебат алаңы». Мұнда қатысушылар жасанды интеллект, бала тәрбиесі, интернет контентті бақылау, ауылды дамыту, әлемдік миграция тақырыбында пікір алмасса, қонақтар «Экспресс-камера» арқылы ойын білдіріп жатыр.
Оңайгүл Тұржан, ақын:
Телемарафон бұл өте жақсы дәстүр екен. Өйткені, біз ақпаратты жақсы көреміз. Мына жерде болып жатқан мына жүріс-тұрыс, күлкі, дауыс беруге деген әркімнің пікірі мұның барлығы қайткен кеүнде де қоғамдағы қозғалыстың көрінісі болып көрініп тұр да.
«Қазмедиа» орталығының киноконцерт залында өтіп жатқан марафон түнгі 1-ге дейін жалғасады. Осы алаңда дауыс берудің алдын ала нәтижелері бойынша Exitpoll қорытындысы жарияланады.
Аман Сейітхан