Түркістан жұртшылығы Наурыз мерекесін ерекше салтанатпен тойлап жатыр. «Этноауыл» кешені ән мен күйге бөленіп, мерекені қызықтаған көпшілік ұлттық ойындарды тамашалады. Түркістан төріндегі ұлық мерекеге әріптесім Айнұр Ақбаева да куә болды.
Жер ана бусанып, қытымыр қыстан құтылған Түркістан жұрты Ұлыстың ұлы күнін ерекше қуанышпен қарсы алуда. Кесене маңындағы этноауыл кешенінде ұлан- асыр той. Этнобірлестіктер ұлттық киімдерімен мерекені айшықтап, өнерлерін ортаға салды.
Рамиля Мұстафаева, Әзербайжан ұлтының өкілі:
Дастарханда осындай бидайды өсіреміз, еліміз бай болсын, байлығымыз болсын, дастарханымыз әрдайым толы болсын деп.
Көктемнің шуақты мерекесін тек түркістандықтар ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен келген меймандар да тамашалады. Олар оңтүстіктің жаймашуақ табиғатына ерекше тәнті.
Бизат Құттыбекқызы, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Біз Көкше өңірінен келіп қалыппыз осы жолымыз түсіп. Бүгін міне Наурыз тойы болып жатыр екен. Соның үстіне түстік. Бәрі өте керемет, жақсы болып жатыр. Бізде әлі қыс болып жатыр. Боран болып жатыр. Ал мына жақта бәрі жап жасыл, жап-жасыл шөптер екен.
Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістанда туристік маусым ашылды. Су бетіндегі сахна мен мерекелік шоу-қойылымдар көпшілікке қайталанбас әдемі көңіл күй сыйлады.
Шас Иней, турист:
Мен Болгариядан келдім. Наурыз мерекесімен барлық Қазақстанда тұратын адамдарды құттықтаймын. Денсаулық тілеймін.
Биыл өңірде Ұлыстың ұлы күні он күн бойы тойланады. Әз-Наурызды Түркістанда қарсы алу өзге қаланың тұрғындары үшін дәстүрге айналып келеді. Мереке күндері мұнда туристер көбейіп, қонақүйлерде бос орын қалмайды. Кейінгі кезде шетелдіктердің көне шаһарға деген қызығушылығы артқан.
Айнұр Әбілқасымқызы