Ұлттық құндылықты ұлықтаған мектеп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық құндылықты ұлықтаған мектеп

18.03.2023

Жетісу облысының Қапал ауылында ұлттық құндылықтарға ерекше мән берген мектеп бар. Ғали Орманов атындағы білім шаңырағында 14 үйірмеде оқушылар киіз үй құрастырып, жүн түтіп, жіп иіріп, қамшы тоқуға машықтанады Мұнан бөлек домбыра үйреніп, би билеп, спорттың бірнеше түрімен де шұғылдануға мүмкіндік жасалған. Ұстаздар осылайша балалардың бос уақытын ұтымды пайдаланып, рухани дамуына, бойларындағы қабілеттерін ашуға басымдық берген.

75 жастағы Әбдібек Әбілқасымұлы мына киіз үйдің макетін өз қолымен айнытпай жасаған. Аптасына бір рет мектепке келіп, ер балаларға шаңырақты қалай көтеріп, керегелерін қалай тұрғызып, уықтарын қадап, арқан бауларды қалай байлайтынын үйретіп отырады. Мектеп бағдарламасынан тың дүниеге оқушылар да ерекше ынтамен, қызығушылықпен кіріседі.

Ернар Нұрмұхамед, оқушы:

Бәрі өте керемет. Жақсы үйреніп жатырмыз. Байлап кәдімгідей. Былай байлаймыз. Осылай уықты дұрыстап байлау керек. Берік қылып байласақ, үйіміз берік, құламайтындай жайлы бәрін үйретіп, жабдықтардың атын бәрін үйретті.

Оқушылар киіз үйді құрастырып қана қоймай ондағы негізгі бөліктері мен әрбір ұсақ бөлшектерінің атауын жаттайды. Ақсақал осылайша салт-дәстүрді жаңғыртып, ұлттық мұраның ұмытылып қалмауына мұрындық болып отыр.

Әбдібек Әбілқасымұлы, шебер:

Бақанын әкел десе шаңырақ көтеретін, әзіргі балаларға айтшы бақан деген не деп? Білмейді. Бақанын, уығын әкел. Сол үшін жекелеп-жекелеп, осының бәрін балалар түсініп, үйренуіне өзім қатты ынталы болып, осы мектепте, әр мектепте осындай істер болса деп ойлаймын.

Ал қыздар жағы жүн түтіп, ұршық иіріп үйренуде. Өздері иірген жіптен тоқыма тоқып, түрлі бұйымдар жасайды.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Бұл мектептің асханасында да үйірме бар екен. Бұл жерде оқушы қыздар ұлттық тағамдарды дайындап үйренеді. Бүгінгі мәзірінде әсіпті дайындапты. Дәмін көріп жіберейік. Керемет екен.

Көркемсөз өнері, робототехника, құммен сурет салу, домбыра мен би үйірмелерінен үйренер дүние көп. Ұстаздар қауымы оқушыларды бір сәт ұялы телефоннан алыстатып, жан-жақты дамуына жағдай жасап отыр.

Қайрат Әлібаев, Ғ.Орманов атындағы мектеп директоры:

Ертең мектепті бітіріп шыққан бала содан кәсіп үйреніп, өзін ары қарай асырап, кіші бизнестерін ашу деген сияқты мәселелермен айналыса алатындай қалыпқа жеткізу біздің мақсат.

Білім шаңырағының бастамаларына қазір Ақсу ауданындағы өзге мектептер қызығушылық танытып отыр. Бір ұжымның бұл небәрі үш айда жеткен жетістігі.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу