Қазақ мұнайын экспорттауға Ұлыбритания көмектеспек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ мұнайын экспорттауға Ұлыбритания көмектеспек

18.03.2023

Ұлыбритания – Қазақстанның Еуропа құрлығындағы негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 60%-ға өсіп, 1,8 млрд доллардан асқан. Бұл туралы Үкіметте өткен кездесуді белгілі болды. Енді Қазақстан мұнай-газын Еуропаға балама маршруттар арқылы экспорттауға Ұлыбритания көмектесуге ниетті. Бұл туралы Корольдіктің Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли баспасөз жиынында мәлім етті.

Брифинг барысында, журналистер «Ресми Лондон, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұнай-газ өнімдерін Батысқа тасымалдаудың балама жолы – Транскаспий маршрутын іске қосу ұсынысына қалай қарайды?» деп сауал қойды. Корольдіктің сыртқы істер министрі бұл жобаны жүзеге асыруда ағылшындар өз тәжірибесімен бөлісіп, инвестициялық көмек жасауы мүмкін екенін жеткізді.

Айта кетейік, Халықаралық Транскаспий маршруты – Қытай, Қазақстан тауарын Каспий теңізі арқылы өткеріп, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропаға жеткізуді жоспарлайды.

Сондай-ақ, бүгін Астанада Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның құрметіне сквер ашылды. Салтанатты шараға Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қатысты. Гүлзар Қабанбай батыр даңғылында, «Салтанат сарайы» кешені мен St. Regis Astanа қонақ үйінің арасында орналасқан. Аталған сый ІІ Елизаветаның мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Нұрбек Бекбау

Хабарламаларға жазылу