Таразда сақ дәуірінде қолданылған ою-өрнектері бар көрпе, жастықтармен субұрқақ сәнделді. Құрақшылардың қолымен қайта жаңғырған қолөнер туындыларын көруге келгендердің қарасың қалың. Осылайша облыс орталығында мәдени шежірені ұлықтау мақсатында «Ұмыт болған оюлар фестивалі» өтті. Тілшіміз Данияр Әлімқұл байқауға барып қайтқан еді.
Тарихи таңба, тастағы мүсін. Ұшқан құс пен жүгірген аң. Аталған дүниелер анық бейнеленген кілем, сырмақ, көрпе мен жастық тараздықтар назарына ұсынылды. Қала халқы бір сәтке ескі заманға түскендей болды.
«Ұмыт болған оюлар» фестиваліне 30 адам қатысты. Оларға қойылған басты талап – құрақ құраудағы ізденісті көрсету. Төлебала Сүңгібаева құрақшылардың байқауына құр алақан келмепті. 70-тен асқан 7 баланың анасы өзі жасаған «Сақ құрағын» ала келген.
Төлебала Сүңгібаева, қолөнер шебері:
Мұның барлығы да сақ дәуірінен бері қарай келе жатқан құрақ, таңбалар. Көне құрақтарды біздің жастарымыз бағалай білмейді, мән-мағынасын түсіне білмейді. Сол маған қатты әсер етіп, мені осыған ден қоя бастадым.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Шеберлер «Ою адамды ойландырып, өрнектен өнеге алу керек» дейді. Өйткені төл таңбаларымыздан дәстүр эстетикасы мен дала этнографиясын көреміз. Негізгі нақыштарымызда тарихи таным мен мәдени мазмұн жатыр. Сондықтан ұрпақтар ұмытпауы керек деп, қолөнерге қызығушылықты осылай оятып жүр.
Отыздың ішінен оза шапқандар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал сарапшылар мұндай мәдени шараның маңызын тек аналарымыз арттыратынын айтады.
Анар Бексұлтанова, байқаудың бас сарапшысы:
Бұл дүниені біз әрине әр үйде көргіміз келеді. Әр үйде ұмытылып бара жатқан құндылықтарымызды қайта жаңғырту. Және де осы аналармызға үлкен алғыс білдіреміз. Өйткені бұл аналарымыз өткеннің көзін мынау болашақ жастарға алып келуші алтын көпір.
Ұйымдастырушылар Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткен шараны алда республикалық деңгейде өткізугі ниетті.
Данияр Әлімқұл