Павлодар облысында 26 көкөніс қоймасы салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында 26 көкөніс қоймасы салынады

17.03.2023

Президент өз жолдауында агронеркәсіп кешендерін қолдаудың тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Соның негізінде биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақтандыру қорларынан форвардтық бағамен сатып алу көлемі ұлғайтылмақ. Жалпы, елімізде жыл сайын 5 млн. тоннадан астам көкөніс жиналады. Бірақ көктемде баға шарықтап кетеді. Қымбатшылыққа тосқауыл қою үшін өңірлерде 26 жаңа көкөніс қоймасы ашылмақ.

Болат Аманбаев, тілші:

Елімізде мына сияқты 1200 көкөніс сақтайтын қойма бар. Сыйымдылығы 2 млн. тонна. Оның 30 пайыздан астамы Павлодар облысында. Бұл жерлерде өнім ұзақ мерзімге дейін бүлінбейді.

Сондықтан сұраныс күшті. Картопты ең көп өсіретін павлодарлық шаруалар қазір өнімді ішкі нарықтан бөлек, экспортқа да жөнелтіп жатыр.

Нұрболат Серікбаев, технолог:

Күзден бастап қоймаға біз 35-40 мың тонна картоп салдық. Ол енді бізде қазіргі таңда 6-7 мың тонна картоп бар. Ол бізге Май айына дейін жетеді. Бағасы бізде тұрақты.

Баға тек ішкі нарыққа ғана өзгермейді. Себебі, мемлекеттік мекемлермен алдын-ала уағдаластық бар.

Тимур Айтбаев, шаруа:

Біз «Павлодар» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен меморандумға қол қойдық. Өнімнің екі түрі, яғни, сәбіз бен картоптың бағасын жаңа егінді жинағанша өсірмейміз. Бізге қазір жанар-жағармай, тыңайтқыш, жаңа техника алуға субсидия беріліп жатыр. Бұл мемлекет тарапынан үлкен көмек.Сондықтан бізде өнім бағасын арзандатып халыққа көмектесіп жатырмыз.

Енді бірер аптадан соң көктемгі егіс басталады. Шаруа тағы ақша іздейді. Бұл ретте мемлекет форвардтық сатып алулар көлемін ұлғайтпақ.

Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:

Ерте көктемде пісетін тауарлар жөнелтіліп, бері қарай әкелу үшін қазіргі уақытта сол шаруалармен жергілікті СПК-лар келісімшартқа отырып жатыр. Оның көлемі қазіргі уақытта 40 мың тоннадан асып кетті. Қазіргі уақытта мінекей мына жердегі былтырдан жиналған жаңағы өнімдерді оңтүстік өңірлерге апарып жатса, енді бі-екі айдан кейін ол жақта піскен өнімдерді керісінше осы солтүстік өңірлерге жеткізіп отырады.

Тағы бір жаңашылдық, бұрын көкөніс қоймаларын салған шаруаларға жұмсалған шығынның 25 пайызы субсидия есебінде қайтарылатын. Биылдан бастап 40-50 пайызға дейін артады. Себебі, өнім сақтайтын қоймалар азық-түлік тапшылығын болдырмай, бағаны тұрақтандыруға тікелей ықпал етіп отыр. Қазір аймақта 12 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауарлар қоры жасақталды. Келер күзге дейін баға өзгермейді.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу