Бүгін елордада қайырымдылық акциясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін елордада қайырымдылық акциясы өтті

16.03.2023

Бүгін елордада қайырымдылық акциясы өтті. Игі іс Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған. Шараға қала басшылығы мен демеушілер мұрындық болды. Бұл бастама жыл бойы жалғасады дейді олар. Сол үшін демеушімен арнайы келісімге келген.

Бұл қораптарда тұрмысқа керектің бәрі бар. Оны волонтерлер Астанадағы аз қамтылған мың отбасына үлестіреді. Азық-түлік пен қажетті заттарды әлеуметтік көмек алатын адамдар тізімінен таңдап алған. Мерекелік сыйлыққа ие болғандардың бірі – көпбалалы ана Гүлдария Мұхамедиярова. Жеті бірдей ұл-қыз тәрбиелеп отырған отбасы 17 жылдан бері Астанада тұрады. Отанасы бұл көмектің тосын-сый болғанын жеткізді.

Гүлдария Мұхамедиярова, қала тұрғыны:

Сіздерге рақмет. Ризамыз. Қуанып қалады екенсің енді. Біз ондай ешкімнен ештеңе сұрамаймыз. Бірақ сондай келіп жатса неге қабылдамасқа? Рақмет.

Шараны қалалық әкімдік ұйымдастырды. Демеуші – PetroRetail компаниясы. Осындай акцияны тоқсан сайын өткізу жоспарда бар. Жыл соңына дейін төрт мың себет таратылады. Келесі қайырымдылық шаралары да айтулы мерекелер қарсаңында болады. Сол үшін демеушімен арнайы меморандумға қол қойылды. Әкімдік бұл игі істі дәстүрге айналдыруға шақырды.

Есет Байкен, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

Акцияның негізгі мақсаты – тек қана елордадағы, еліміздегі мұқтаж жандарға көмек көрсетіп қана қоймай, барлық орта және ірі бизнес субъектілерін осындай қайырымдылық шараларына басқа көзқараспен қарап, белсенділіктерін арттыру. Және де соған шақыру.

Астана бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын екі мыңнан астам отбасы бар. Ал жалпы әлеуметтік төлем алатындар саны 100 мың шамасында. Яғни, жан жылуына мұқтаж жандар жетерлік деген сөз.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу