Осыдан тура бір жыл бұрын мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялап, саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасын ұсынды. Бұған сәйкес, жаңа саяси реформалар қолға алынып, 1995 жылдан бері алғаш рет жалпыұлттық референдум өткізілді. Ел азаматтарының мемлекетті басқару ісіндегі рөлі артып, бұқара мен биліктің арасы одан әрі беки түсті.
Жаңару мен жасампаздыққа бағытталған Жолдау халық үніне құлақ түріп, ұлт болып ұйысуда үлкен серпін берді.
Ата Заңдағы тоғыз тараудың сегізіне, 33 бабына түзету енгізіліп, басты құжаттың үштен бір бөлігі жаңартылды. Бұған қоса, 7 конституциялық Заң, 15 кодекс және 29 заң өзгеріске ұшырап, қайта жасақталды.
Ел назарын елең еткізген жаңалықтардың бірі президент өкілеттігінің қысқаруы болды.
Сондай-ақ, Парламент пен мәслихатты жасақтау тәртібі де өзгеріп, өкілеттігі артты. Халықтың сеніміне ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктелді.
Индира Рыстина, саясаттанушы:
Саяси партиялардың тіркелуі бойынша да үлкен өзгерістер орын алды. Мысалы, осыдан 4 жыл бұрын 40 мың адамды қажет ететін партия құру үшін. Содан кейін 20 мыңға ауысты. Ал 1 жыл бұрын орын алған саяси реформалардан кейін тіркелу саны 5 мыңға дейін азайтылды. Яғни, бастапқы саннан 8 есе азайған болатын.
Үш күннен кейін аралас сайлау жүйесі бойынша өтетін Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау да жолдаудағы саяси реформалардың заңды жалғасы.
Назым Қайрат