Түркияда жойқын зілзаладан қираған қалаларды қалпына келтіруге Қазақстан да атсалысады. Газиантеп, Хатай провинцияларында аурухана мен мектеп сынды әлеуметтік нысандарды салып береді. Бұл туралы бүгін Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Жиында бауырлас елдердің басшылары табиғи апаттарға қарсы тұрып, бір-біріне көмек көрсету жайын талқылады, тарихи құжаттарға қол қойды.
Досжан Маратұлы, тілші:
Мыңдаған адамның өмірін жалмаған Түркиядағы зілзала түркі әлеміне ортақ қайғы қасірет. Мұны бауырлас елдердің басшылары сан мәрте қайталап айтты, қиын сәтте қол ұшын созды. Енді алда-жалда осындай апаттар, түрлі төтенше жағдайлар бола қалса, ұйым қалай әрекет етуі керек? Бір-біріне дер кезінде көмек көрсету үшін қандай шараларды қабылдауы қажет?
Міне осы мәселелерді талқылап, түрлі табиғи апатқа тас түйін дайын болуы үшін түркі елдерінің басшылары Анкарада бас қосты. Жиын өтетін ғимаратқа Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған бөлек кортежбен емес, бір көлікте келді. Жолда тоқтап, ұзақ сөйлесті.
Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті Анадолы жерінде болған жойқын зілзалаға байланысты ұйымдастырылып отыр. Оған ұйымға мүше Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия президенттері қатысты. Саммитті ашқан Реджеп Тайип Ердоған жойқын апат салдарын жоюға көмектескен бауырлас елдерге алғыс айтты.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
Біз алғашқы болып қол ұшын созған түркі әлеміне алғыс айтамыз. Сіздер бізді жалғыз қалдырмадыңыздар. Адамдарды құтқаруға, емдеуге атсалысқан барлығыңызға ризашылығымызды білдіремін. Жер сілкінісі болып қираған аймақ қазір су тасқынынан зардап шегіп жатыр. Сел жүріп, адамдар тағы қаза тапты. Біз бұл қалаларды бауырлас елдердің қолдауымен тез арада қалпына келтіреміз деп ойлаймын.
Бұдан соң бір минут үнсіздік жарияланды, қаза тапқандарға дұға жасалды. Ендігі міндет қираған қалаларды қалпына келтіру. Ол үшін ағайынды елдер күш біріктірмек. Кезектен тыс самиттің «Күшіміз бірлікте» деп аталуы да содан. Мәселен Қазақстан Газиантеп, Хатай сияқты қираған қалаларда аурухана, мектеп секілді әлеуметтік нысандарды салмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Біз бауырлас Түркияға одан әрі қолдау көрсетуге дайынбыз. Осы орайда, апат аймағында әлеуметтік нысан салып беруге дайын екенімізді айтқым келеді. Бұл бауырлас Түрік халқына шынайы ілтипатымыздың көрінісі болатынына сенімдімін. Біз қаржылай және тауар түрінде гуманитарлық көмек берумен ғана шектеліп қалмаймыз. Бұдан бөлек, құтқарушыларды жіберіп, апат салдарын жоюға белсене атсалысамыз.
Апат айтып келмейді. Түркиядағы секілді зілзала кез-келген елде, кез-келген уақытта болуы мүмкін. Сондықтан тараптар апат пен түрлі төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керек, бір-біріне қол ұшын беріп, гуманитарлық көмек жеткізу секілді мәселелерді талқылады. Бұл ретте Қазақстанның ұсынары бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан, ұйым аясында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынамын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашуға болады. Бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері құрған. Бірлескен күшке Ұйымның Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн деп санаймын.
Апатқа қарсы күресте ынтымақтастықты арттыру үшін мемлекет басшысы ұйымға мүше елдердің құтқарушыларын елімізге оқу-жатығу өткізуге де шақырды. Бұдан бөлек жиында үш маңызды құжатқа қол қойылды. Оның бірі Анкара саммитінің декларациясы. Екіншісі Азаматтық қорғаныс тегін құру келісімі, үшіншісі – Түркі әлеміне ортақ инвестициялық қор құруға қатысты.
Досжан Маратұлы, тілші:
Осы инвестициялық қор ұйымға мүше елдерге ортақ болады. Ондағы қаржы бірлескен жобаларды жүзеге асырып, шағын және орта бизнесті қолдауға жұмсалмақ. Ал Түркі мемлекеттері ұйымының кезекті 10-ыншы мерейтойлық саммиті елімізде күзде өтеді. Сондықтан президент әріптестерін Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанға келуге шақырды.
Досжан Маратұлы