Ұлытау облысының кешенді жоспары жүзеге асып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытау облысының кешенді жоспары жүзеге асып жатыр

16.03.2023

Жолдауда жұртшылық жылы қабылдаған шешімдердің бірі – еліміздің бірнеше өңірінде жаңа облыстардың құрылуы. Соның ішінде Ұлытау облысы да бар. Қазір тілшіміз Руслан Нұрланұлы бізбен тікелей байланысқа шығып, өңірдің әлеуеті жайлы баяндасын. Руслан, жаңа облыстың құрылуы өңірге қаншалықты оң серпін берді?

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Қайырлы күн, Дархан! Иә Ұлытауды дербес облыс етіп құру –рухани ғана емес, әкімшілік-аумақтық басқаруды оңтайландыру, экономикалық жағынан дамыту бойынша да маңызды шешім болды. Шалғайдағы ел енді 700 шақырым қашықтағы бұрынғы облыс орталығы Қарағандыға сабылмайды. Мысты өлкенің өндірістік қуаты, логистикалық мүмкіндігі, болашағы зор. Қазір, өңірді дамытудың бес жылға түзілген кешенді жоспары жүзеге асуда. Ауқымды жұмыстарға 1,9 трлн теңге инвестиция қарастырылған.

Руслан, өңір экономикасы бұған дейін қандай деңгейде еді?

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Иә, өңір экономикасы осы уақытқа дейін мыс өндіру саласына тәуелді болып келді. Бюджеттің 70 пайызы өндірістен түсетін. Қазір өңірді өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын, қуатты аймаққа айналдыру үшін экономикасын әртараптандыруға күш салынуда. Бұл ретте облыста минералдық-шикізат базасын кеңейту аясында геологиялық кластер салынып, 9 кен орнына барлау жұмыстары жүргізілмек. Бұдан тыс халықтың әлеуметтік жағдайына мән беріліп, баспанамен, сапалы ауыз сумен қамту, жол салу жұмыстары күшейтілуде. Туризм саласы да басты назарда. Бұл бағытқа 1,5 млрд теңге қарастырылған.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу