Маңғыстауда «Болашақ» станциясы арқылы тасымалданатын жүк ағыны артты. Мәселен, Екі жыл бұрын жөнелтілген жүк көлемі 1 млн тоннадан асса, былтыр 2 млн тоннаның үстінде тауар өткізілген. Биыл бұл көрсеткіш тағы бірнеше есе өседі. 10 жыл бұрын іске қосылған жоба бүгінде, экономиканың күре тамырына айналып келеді. Аягөз Оралбайқызы Түрікменстан елімен шекарадағы темір жол станциясына барып қайтты.
Аралбай Орысбаев, аға вагон қараушы:
Біздің қызметіміз маңызды. Келе жатқан ұзақ жүріп келе жатқан пойыздардың аяқтары босап кетуі мүмкін. Нелері босап кетуі мүмкін сол жағын қатырып жібереміз. Бізге берілетін уақыт 60 минут уақыт беріледі, соның ішінде жағдайын жасап жібереміз, жолда кедергі келтірмейтіндей.
Аралбай Орысбаев күніне 4 пойыз тексереді. Өзі секілді осында ауылдастары да жұмыс істейді. Олардың бірі ашық вагондардағы тауарды түгендесе, енді бірі жабық вагондардың құжатын тексереді. Ауылдағы тұрғындардың 95 пайызы темір жолда еңбек етеді.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Болашақ станциясы - кезінде шет мемлекеттермен жүк тасымалын дамыту мақсатында, нақтырақ айтқанда, Қытай мен Ресейден келетін транзиттік жүктерді Парсы шығанағындағы елдерге, қысқа мерзімде жеткізу үшін құрылған болатын. Бүгінде мақсат орындалуда. Мысалы былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда, жүк тасымалы 2 есеге артқан.
Аталған елдер Маңғыстау арқылы автокөлік бөлшектерін, медициналық қондырғылар, дизель мен құбырлар тасымалдауда. Қазақстаннан ұн, макарон, секер секілді азық-түліктер жөнелтіліп жатыр. Ал, Түрікменстан арқылы елімізге мата, күкірт, Иранның жеміс-жидегі мен ыдыс-аяғы жеткізіледі. Былтыр Болашақ станциясына 200 мың тоннадан көп жүк келіп, 2 млн тоннадан аса тауар шет елге жөнелтілді.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Бұл Түрікменстан еліне кететін пойыз. 40 вагоны бар. Оларға ұн, бидай, жанар-жағар май мен құрылыс материалдары тиелген. Жүктер Түрікменстанға одан әрі, Иран мен Ауғанстан еліне тасымалданады.
Қазір темір жол станциясына тәулігіне 4 пойыз келіп, сонша пойыз кетеді. Жүк ағынын одан әрі арттыру үшін, қызу дайындық жұмыстары басталған. Нәтижесінде келіп-кететін пойыздар санын 8 ге жеткізіп, жазға дейін жүк айналымын 2-3 есеге көбейту көзделіп отыр.
Мақсат Нұрбеков, «Болашақ» станциясының бастығы:
Дәл қазіргі уақытта біздің мүмкіншілігіміз 5 пойыз қабылдап, 5 пойыз тапсыруға мүмкіншілігіміз жетеді тәулігіне. Ал алдағы уақытта жүк айналымы артып жатса, біз бірінші жаңағы адамды көбейтсек, одан да мүмкіншілігіміз 10 ын қабылдап, 10 ын жіберуге дейін біздің мүмкіншілігіміз арта береді.
Болашақ станциясы - Жаңаөзен қаласынан 150 шақырымда орналасқан. Халық саны 700 ге жуықтап, ауылдық округке айналды. Жүк тасымалының артуы – жаңа жұмыс орындарын ашуға себеп болып, елді-мекеннің дамуына ықпал етпек.
Аягөз Оралбайқызы