Елімізде әлеуметтік осал топтарға берілетін жәрдемақы көбейтілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде әлеуметтік осал топтарға берілетін жәрдемақы көбейтілмек

15.03.2023

Әлеуметтік осал топтарға берілетін жәрдемақы сомасы көбейтілмек. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты. Енді бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылмақ. Сондай-ақ, көпбалалы аналарға «наградталған ана» деген жаңа мәртебе беріледі. Тағы бір маңызды өзгеріс атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейінің орнына медиандық табыс деңгейі арқылы анықталмақ.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Бұл ретте Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесі зерделенді. Осы ұйымға кіретін 8 мемлекет осы тәсілді пайдаланып келеді. Бүгінде АҚШ-тағы кедейлік шегі медианалық кірістің 40 пайызына, Канадада - 50, ал Еуралық одақ елдеріне кіретін кейбір мемлекеттерде 60 пайызына пара-пар. Біз де осы тәжірибені 2025 жылдан бастап енгізуді көздеп отырмыз.

Сондай-ақ, Қазақстанда балалы отбасылардың ажырасу ережелері өзгеруі мүмкін. Бұл жаңашылдық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар қарайтын жұмыстардың аясын кеңейтумен байланысты. Атап айтқанда, кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен некені бұзу жөніндегі істерді ауданаралық соттардың құзыретіне беру жоспарланып отыр. Одан бөлек, әлеуметтік кодекске де бірнеше өзгеріс енгізіледі. Енді азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша жауапкершілік тек мемлекетке ғана емес, жұмыс берушіге және азаматтың өзіне де жүктеледі.

Аман Сейітхан

Хабарламаларға жазылу