Қарағанды облысында былтыр өрт болған орманды алқапта тазарту жұмыстары басталды. Болашақта бұл жерде жас көшеттер отырғызылады. Қазір мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері жалын шарпыған ағаштарды кесіп, жинап жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл жерге бірден ағаш егуге болмайды. Кемінде екі жыл топырақты өңдеп, тыңайтады. Сосын орман шаруашылығының тұқымбағынан қарағай ағашының 2 жылдық көшеттерін әкеліп егу жоспарланған. Еске салсақ, былтыр шілде айында Қарағанды қаласының маңында өрт болып, жалпы аумағы 70 гектар жерді жалын шарпыған. Соның 40 гектары орманды алқап. Кесілген ағаштар іріктеліп, кәдеге жаратылады.
Дулат Жұмабек, Қарағанды орман шаруашылығының басшысы:
Іріктеу жүргізілген соң санитарлық кесу бар. Бұл ағаштарды кесіп тазартпаса, құрт түседі. Тегіс болса, бес метрге шейін бағандарға алынады. Егер диаметрі 16-20 асса тақтайға кетеді. Ал қалған қисық ағаштары отындыққа кетеді.
Руслан Нұрланұлы