БҚО-ның Орал қаласы мен Бөрлі ауданында төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-ның Орал қаласы мен Бөрлі ауданында төтенше жағдай жарияланды

13.03.2023

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы мен Бөрлі ауданында төтенше жағдай жарияланды. Тағы бірнеше ауданда жағдай қиын. Су тасқынының қаупі жоғары болғандықтан бүгін 50 адамды эвакуациялауға да тура келді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Біз қазір суға кеткен Мөңкеұлы көшесі 105-үйдің жертөлесіндеміз. Мінекей, мынадай құбыр тесіктерінен су кеткен. Жалпы қалада көпқабатты 8 үйдің жертөлесін су басқан. Онда мыңға жуық адам тұрады. Су сорылып жатыр. Бірақ деңгейі әлі тізеден келеді.

Фазила Мұратқызы, қала тұрғыны:

Жертөлеге су кетті. Жарық жоқ. Жылу жоқ. Баламен қиын.

Еріген қар суы қаланың оңтүстік-батыс жағындағы мына Желтау аумағынан келді. Судың жолын бөгемеу үшін Айтқұлов көшесіндегі асфальт арнайы техникамен бұзылып, жол жырылды. Қарғын су осы аумақтағы үйлерге қауіп төндірді. Жалпы Зачаган кентінде 70 мыңға жуық адам тұрады.

Нұрлықыз Әмірғалиева, қала тұрғыны:

Су осы жерге дейін келді. Неше күн болды ұйықтамадық. Бір апта болған шығар.

Жоғарыдан келген су осы каналға келіп құяды. Судың екпіні қатты болғаны соншалық, диаметрі бір метрлік құбырлар суды өткізіп үлгере алмай, канал толып, ернеуінен асты. Төтенше жағдай мамандары түн ортасына дейін каналдағы суды қуатты мотопомпалармен сорып, әрі қарай өткізді. Қазір су деңгейі түскен.

Ернұр Өтегенов, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

Бөрлі ауданы Ақбұлақ ауылында дамбаны су шайып, 11 үйге су кірді. 44 адам эвакуацияланды. Жымпитыда 6 адам көшірілді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Қазір өңірде жаңбыр құйып тұр. Өзендердегі су деңгейі 2 метрге дейін көтеріліген. Ал тоңның қалыңдығы 1 метрден асқан. Облыста Орал қаласы мен Бөрлі аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Тағы 6 ауданда жағдай күрделі күйінде қалып отыр.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу