Сайлауға санаулы күн қалды. Саяси партиялар уақыт тақалған сайын, электоратпен кездесуді көбейтіп келеді. Үгіт-насихат жұмыстарымен өңірлерді аралап жүрген кандидаттар тұғырнамасын таныстырып, жұртшылықтың талап-тілегіне құлақ түріп жүр.
Павлодар облысы
«Amanat» партиясы сайлауалды штабының мүшелері Павлодар облысындағы сайлаушыларымен кездесті. Алдымен, «Бірінші Екібастұз мемлекеттік аймақтық электр стансасы» ұжымына сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Онда еңбекақыны индекстеу мен жұмысшылардың құқығын қорғау мәселелері талқыланды. Екібастұз жұртшылығы да көкейде жүрген өткір проблемаларын ортаға салды.
Елнұр Бейсенбаев, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы:
Біз өміріміздің бақуатты әрі қауіпсіз болғанын қалаймыз. Балаларымыздың жарқын болашағы үшін алға ұмтыламыз. Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру бағыты дәл осыны көздейді.
Павлодар облысы
«Ауыл» партиясының облыстардағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Кандидаттар Павлодар облысындағы Локомотив жөндеу зауытына барып, жұмысшылармен әңгімелесті. Жастарды еңбекке баулу шарттары жөнінде сөз болды. Кәсіпорындағы еңбек жағдайымен танысып, сайлауға қатысудың маңыздылығы туралы айтылды. Делегация өкілдері ертең Қызылорда қаласында өтетін шараға қатысады.
Самат Өскенбаев, Локомотив жөндеу зауытының директоры:
Менің ұжымымда 180 адам жұмыс істейді. 19-ы болатын саяси науқанға қатысамыз. Өз таңдауымызды жасаймыз.
Маңғыстау облысы
«Respublica» партиясы маңғаз Маңғыстауда! Өңірге келген саяси ұйым өкілдері өндіріс саласына сапалы мамандар дайындаудың маңызы жайын талқылады. Ақтау қаласындағы аммиак және аммиак селитрасын өндірумен айналысатын кәсіпорынға барған, партиялықтар бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды. Экспорт пен импорттағы көңіл бөлінуі керек тұстарды талдап, сауда-саттық тақырыбын қозғады. Ал жиынға қатысушылар әлеуметтік жағдайды көтеру, инфрақұрылымды жаңарту турасында сауалдар қойды. Сондай-ақ өз салаларындағы қиыншылықтарды айтып, партия белсенділерімен пікір алмасты.
Алматы
Қазақстан халық партиясы Алматыда бейбіт шеру өткізді. Шараға 500 жуық тұрғын қатысты. Саяси ұйым төрағасы Ермұхамет Ертісбаев партияның сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, мегаполистегі түйткілдерді шешу жолдарын талқылады. Кандидаттар қаланың болашақ келбетін жоспарлайтын мекемелердің біріне барды. Қызметкерлердің талап-тілегін тыңдады.
Алуа Кетегенова, «Қазақстан халық партиясы» ҚБ мүшесі:
Партияның Алматы қалалық филиалы саяси науқан басталғалы 200-ден астам іс-шара өткізді. Оған 25 мың адам қатысты. Мақсатымыз сайлаушыларға өз бағдарламамызды қарпайым тілмен жеткізу.
Астана
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері елорданың дәрігерлерімен кездесті. Қаладағы көпсалалы әлеуметтік-медициналық мекемелердің бірінде сайлауалды бағдарламаны таныстырып, сауалдарға жауап берді. Ақ халатты абзал жандар қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдары бойынша ұсыныстарын айтты. Аталған мекемеде 60-қа жуық маман еңбек етеді.
Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:
Республикалық штаб пен барлық аймақтағы штабтардың жұмысы бақылауда. Халықтың ынатсы сайлауға деген жоғары.
Ақтау
«Ақ жол» партиясының өкілдері үгіт-насихат жұмысымен Ақтау қаласына барды. Кандидаттар мұнай-газ саласына арналған жабдықтар шығаратын ірі зауыттардың бірінде болды. Кәсіпорынның өндірісімен танысып, еңбек ұжымымен кездесті. Республикалық штаб мүшелері сайлауалды бағдарламасының мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берді.
Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
Өзіміздің дәстүрлі партиямыздың қолдаушылары электораты отандық өндірушілер. Қамқор машзавод заводына келіп, керемет әсер алып отырмын. Мұндай ұлттық компаниялар көп болсын деп айтқым келеді.
Астана
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшелері Жолымбет ауылының тұрғындарымен кездесті. Олар саяси ұйым өкілдерімен тілдесу үшін республикалық штабқа арнайы келген. Азаматтар ауыл шаруашылық, экология және жұмыспен қамту мәселелеріне тоқталды. Бірлестік белсенділері тұрғындарды алаңдатқан сұрақтарына жауап беріп, проблеманы шешудің жолдарын ұсынды.
Мақсұт Насибулов, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының мүшесі:
Біздің ЖСДП республикалық штабына ауыл тұрғындары «келсек» деген өтініш білдірді. Кездесу барысында сол ауылдың мәселелері жөнінде айтып кетті. Бұл ауылда 5000 жуық халық тұрады.
Асылбек Данияр