Ресейде ресми тіркелген жалғыз қазақ газеті Омбы облысында шығады. 2014 жылы «Атамекен» атауымен жарық көрген басылым қазір «Омбы қазақтары» деп аталады. Бір кездері жабылып қалған газет студенттердің арқасында қайта жарыққа шықты. Ал, бүгінде редакциядағы қызметкерлер жалақысыз жұмыс істейді.
Аманкелді Тоқсанбаевтың жасы 82-де. Ақсақал зейнеткер болса да, газеттің шығуына ат салысып жүр. Апта сайын көз майын тауысып, мақала жазады, тіпті кей күндері таңға дейін редакцияда қалады. Өйткені жауапкершілік жүгі ауыр.
Аманкелді Тоқсанбаев, Омбы қаласының тұрғыны:
Жүрегің ауырғаннан кейін, күннің суығына, жердің тайғағына қарамаймыз ғой. Кеп қаламыз әйтеуір. Бар мақсатымыз осы газетіміз тоқтап қалмаса екен. Осы газетті алып қарасаңыздар, қазақтың өткен жақсылары туралы, бүгінгі жақсылары туралы жазылады.
Газетте 11 адам жұмыс істейді, бірақ олар жалақы алмайды. Өйткені басты мақсат-қазақ тілінің көсегесін көгерту, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру. 2014 жылы «Атамекен» атауымен жарық көрген басылым түрлі қиындыққа тап болып, бір кездері жабылып қалған. Алайда, белсенді студенттер шәкіртақыларын жиып, басылымға жан бітірген.
Торғын Аженова, «Омбы қазақтары» газетінің бас редакторы:
Содан кейін әкімшілікке барып, грант ұтып алдық. Содан кейін газетіміз ай сайын шыға бастады. Шыққанан кейін біз подписка арқылы аудандарға шықтық. Бүгінгі күнді алсақ, 21 ауданда біздің газетіміз шығады, 21 ауданда біздің оқырмандарымыз бар.
Осыған дейін 2000 тиражбен шыққан газет енді ай сайынғы санын 4000 данаға жеткізбек. Омбыда барлығы 70 мыңға жуық қазақ тұратынын ескерсек, бұл да аздық етеді.
Рустам Герасимчук, Омбы облысы өңірлік саясат және бұқаралық коммуникациялар министрлігінің сектор меңгерушісі:
Осыдан бір жыл бұрын «Омбы қазақтары» газетінің мерекелік 50-саны жарық көрді. Бұл-үлкен белес. Мерзімді басылым өңірдегі қазақтардың айнасы. Омбыдағы ақпарат құралдарының ішінде өзіндік орны бар. Сондықтан біз газетке әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз.
Осылайша шетелдегі қандастарымыз ана тілін ұмытпауға барын салуда. Алдағы мақcат-газетті тек Омбы жерінде емес, барлық Ресей аймағына тарату. Себебі іргелес елде 1 миллионға жуық қазақ тұрады.
Индира Бегайдар