Елге қымбат телефон кіргізуге болмайды: Ресейдегі санкцияның салдары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елге қымбат телефон кіргізуге болмайды: Ресейдегі санкцияның салдары

10.03.2023

Ресейге салынған санкция 12 мыңнан асты. Экономикалық шектеулер халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер етіп тұр. Соңғы бір айда жұмыссыздар саны тағы 40 мыңға көбейді. Көрші елдегі қазіргі ахуалды тілшіміз Индира Бегайдар хабарлайды.

Индира Бегайдар, тілші:

Бұл жақтағы мамандардың пікірінше, жаңа санкциялар құрылыс және денсаулық саласына қатты әсер етуі мүмкін. Өйткені бірқатар ел Ресейге параллельді импорттан бас тартты. Оның ішінде Түркия да бар. Сонымен қатар, енді елге 300 доллардан қымбат телефон кіргізуге болмайды. Бұл жаңалықтан кейін халық жаппай телефон сатып алуға асығып, оның бағасы 150 пайызға дейін қымбаттап кетті. Көп жерде жалақы мөлшері азайып жатыр. Ал коммуналдық төлемдер, керісінше, өсіп келеді. Азық-түлік бағасы да ырыққа көнбей тұр.

Татьяна Алексеева, Мәскеу қаласының тұрғыны:

Бәрі қымбаттады. Нан, қант, тіпті сүттің де бағасы шарықтап кетті. Дәрі-дәрмек сатып алу да қиындап барады. Мәселен, балама тамағы ауырғанда сатып алатын дәрі бұрын 250 рубль тұрса, қазір 850 рубль болып кетті. Соның өзін табу үшін біраз іздеп жүресің.

Наурыз айында Ресейде көлік тағы 2 пайызға қымбаттады. Ал отандық машина жасаушылар қауіпсіздік жастығы жоқ, навигация жүйесі орнатылмаған көліктер шығара бастады. Өйткені құрамдас бөліктердің бәрі Еуропадан жеткізілетін. Ал Санкт-Петербург қаласына келетін туристер күніне 100 рубль, яғни 600 теңге төлеуге міндеттелмек.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу