Грузиядағы шеру қайта басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Грузиядағы шеру қайта басталды

10.03.2023

Грузияда биліктегі партия "Шетел агенті" туралы заң жобасын кері қайтарғанына қарамастан шеру қайта басталды. Демонстранттар үкіметтен құжатты ресми түрде алып тастауды, шеру кезінде ұсталғандарды босатуды талап етіп отыр. Бұған дейін биліктегілер толқу басылғаннан кейін қоғамға бастаманың маңыздылығын түсіндіруге тырысатынын мәлімдеген еді. Грузия парламенті "Шетел агенті" туралы заң жобасын наурыздың 7-де бірінші оқылымда мақұлдады. Бұған қарсылық ретінде ауқымды шеру басталды.

Құжатқа сәйкес, табысының 20 пайызын өзге елдерден алатын ұйымдар ресми түрде «шетелдік агент» ретінде тіркелуі тиіс. Болмаса оларға айыппұл салынады. Оппозицияның айтуынша, құжат Еуропа одағының ережелеріне қайшы, елді авторитаризмге итермелейді және үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына көп кедергі жасайды. Ал биліктегі партия құжат америкалық заңнама үлгісімен жазылғанын алға тартты. Сонымен бірге бұл заң шетелдің ықпалына және тыңшыларға қарсы бағытталғанын, грузиялықтар елде жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарды кім қаржыландыратынын білуге құқығы бар деп мәлімдеді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу