Қостанай облысындағы Қарамай ауылының екі аптадан бері сыртқы әлеммен байланысы үзілді. Жолды қар басып қалған. Көшенің қарын тұрғындар күрекпен аршуға тырысып жатыр. Меңдіқара ауданындағы Ломоносов округіне қарайтын Қарамайда 10 үй бар, 21 адам тұрады. Арнайы техника 600 метрдей жердегі күре жолды аршып, ауыл ішіне кірмейді. Соның салдарынан округ орталығындағы мектепке қатынайтын бес бала екі аптадан бері сабақты қашықтан оқып жүр. Округ орталығы мен Қарамайдың арасы 7 жарым шақырым. Ауыл әкімі көшені тазалауға техника жетіспейтінін, аршыған жердің өзін тоқтаусыз соққан жаяу борасын қайта басып жатқанын айтады.
Сондай-ақ Федоров ауданындағы Лесное ауылына күре жолдан бұрылатын 11 шақырымды қар басып қалған. Тұрғындар көліктерін бұрылысқа тастап, ауылға жаяу баруға мәжбүр. Қостанай облысында тоқтаусыз боран соғып тұрғанына бірнеше апта болды.
Дәуренбек Әбдібек